Жаңа оқу жылы басталмай жатып, әлеуметтік желіде мұғалімдердің «оқу жылын қалай тез өткізуге болады?» деген әзілге толы талқылауы қызды. Бірі қыркүйектен кейін бірден күзгі демалысты күтсе, енді бірі «ақпанның 38-іне» дейін шыдау керегін айтып жұртты күлдірді деп жазады Democrat.kz.
Threads желісіндегі zhangeldi_info парақшасында жарияланған «Оқу жылының алдында бір тынышталдырайын ба?» деген жазба педагогтер арасында қызу талқыланды.
Жазба авторы оқу жылын бір деммен өткізіп жібергендей етіп, алдағы айларды демалыстармен байланыстырып шыққан.
«1 қыркүйек — сейсенбі, апта тез өтеді. Әрі қарай қазан, сосын демалыс. Содан желтоқсан, әрі қарай тағы жаңа жылдық демалыс. Қаңтардың ортасында сабақ басталып, былай-былай Наурызға жетеміз. Наурыздың жартысы мерекелермен, тағы демалыс. Сөйтіп сәуір, сосын мамырдың жартысына дейін оқып, әрі қарай қайта жазғы демалыс», — деген сарындағы жазба желі қолданушыларының көңілінен шыққан.
Оған жазылған пікірлердің өзі бөлек әзілге айналды.
Бір мұғалім:
«Күзден өтерміз жарайды, демалысың анау екі күн. Қыста сосын сені ақпан неқұя өткізбейді, Наурызды өткіздік-ау, сәуірің асықпайды», — деп жауап берген.
Жазба авторы бұл пікірге күліп жауап қатқан.
Тағы бір қолданушы оқу жылының ең ауыр кезеңін бір-ақ ауыз сөзбен сипаттап:
«Қаңтардың ортасында сабақ басталып... деген жерден сүріндің, ақпанның 38-і бар ғой», — деп қалжыңдаған.
Бұл пікір де желі қолданушыларына ерекше ұнаған.
«Әр жазды күтіп мұғалім байқұстың өмірі өтіп кететін болды-ау», — деп жазған тағы бір қолданушы.
Ал колледж оқытушысы әзілге мұң араластырып:
«Тынышталмадым. Колледжде сабақ берем. До декабрь қайдағы демалыс», — деп жазған.
Кейбір оқырман, керісінше, оқу жылының тез өтіп кететініне сенгісі келетінін айтты.
«Өз-өзімді дәл осылай алдап отырмын. Мұғалім болсам да, “қайта ғой, қайта ғой” деймін», — деген пікір де бар.
Тағы бір қолданушы:
«Сөйтші, құрсын. Басталмай жатып жүрек ауырып жатыр», — деп жазған.
Ал бір пікір иесі оқу жылының алғашқы екі тоқсаны расымен тез өтетінін айтып:
«1–2 тоқсандар есімізді жиып болғанша тез-ақ өтіп кетеді. Жалпы өмір қас-қағым сәтте. Ал ақпан неге шынымен асықпай өтеді?» — деп сауал тастаған.
Желі қолданушыларының бір бөлігі Наурыз бен Жаңа жыл мерекелерін ерекше күтетінін де жасырмады. Бір оқырман қиын сәттерде алдағы мерекелерді ойлап көңілін көтеретінін, одан кейін жазғы демалысты күтетінін жазған.
Әзіл болғанымен, пікірлердің астарынан мұғалімдердің оқу жылы алдындағы көңіл күйін аңғаруға болады. Ұзақ оқу кезеңі, сабақ, құжат, бақылау, тоқсандық бағалау мен күнделікті қарбалас педагогтерді оқу жылы басталмай жатып-ақ алдағы демалысты есептеуге итермелейтіндей.
Әлеуметтік желідегі бұл шағын әзілдің соншалықты қолдау табуы да тегін емес. Себебі кейде мұғалім үшін оқу жылын жеңілдететін ең қарапайым психологиялық амал — «тағы аз қалды» деп өзін жұбату болуы мүмкін.