Қоғам белсендісі Бекболат Қаржан Түркістан облысы, Созақ ауданының халқын шулатқан кәсіпкердің мемлекеттік қаржыны қалай "қарбытқаны" туралы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Мені ауылға менттер іздеп келіпті. Ауылдың биі Аскер Зиятовқа жолығып, «Бекболат қайда? Онымен кездесуіміз керек. Нұрбақыт Қазығұрттың орталығында ресторанда күтіп отыр» деп, артымнан адамдар салыпты.
Тіпті Алтынтөбе ауылы округіндегі ауыл-ауылдардан менің таныстарымды салып, сонау поляларда жүрген ауыл биін іздеп тауып барыпты.
Бұл адамның аты Тұрғанбайұлы Нұрбақыт. Түйені асылдандырамын, қойды асылдандырамын, құдық қазып, артезиан суын халыққа жеткіземін деп, мемлекеттен миллиардтаған қаражатты жымқырды деп Созақ жұрты дүрлігіп жатыр.
Мемлекеттен миллиардтарды жымқырғаны рас па екен деп, Түркістан облысының ауылшаруашылығы басқармасы мен Созақ ауданының АШБ-на сұрау салғанмын. Түркістан облысы АШБ ештеңе де алмады деген жауап қайтарды. Жауаптың күмәнді екенін біліп едік. Күмәніміз рас болып шықты.
Тұрғанбайұлы Нұрбақыттың туыстарының атына «IGI QADAM» ЖШС, "ҚҰРЫЛЫС - МОНТАЖ 2013" ЖШС, "NATURAL MEAT" ЖШС тіркелген. Дәл осы компанияларға қатысты орган нақты мәлімет берген жоқ. Қысқасы, мәліметтерді жасырды.
2018 жылдары Мойынқұм ауданында құдық қаздырамын деп миллиардтаған қаражатты талан-тараж қылып, әр құдыққа 33 миллион теңге жұмсап, нәтижесі болмай, қамалып та шыққан деген ақпарат тарады. Жуантөбе, Тасты, Шу ауылдық округтерінде шаруалар осы адамнан үлкен зардап шеккен деп елде шулап жатқандар көп.
Бетпақдаладан 200 000 гектарлап заңсыз жер рәсімдеп, 1000 түйеге, 1000 қойға қатысты заңсыз құжаттармен субсидия алған деген ақпараттар да шықты.
Бұл адамға облыстық ДЭР (департамент экономических расследований) тексеріс жүргізіп, істі қысқартып тастапты деп естідік.
Дәл осы мәліметтерден кейін біз Жуантөбе, Тасты, Шу ауылдық округтерінде шаруалармен кездестік. Айтқанындай, жүздеген құдықты қаздырып, әрбір құдыққа миллиондаған ақша жұмсадым деп, аяқсыз қалдырып кете бергені рас деп отыр шаруалар. Шаруалармен жеке-жеке сөйлестік. Жағдайды түсіндіріп берді.
Бір сорақысы, бұл адам құдық қазып беремін деген шаруаларға келісім шарттың көшірмесін де бермепті. Тіпті, кейбір шаруа қожалықтарының мөрлерін (печатьын) өзімен бірге алып кетіп қалған.
Әлі құжаттары мен мөрлерін ала алмай жүргендер бар екен. Шаруалардың құжаты мен мөрін алып кету – бұл жасанды құжат әзірлеудің жолы болуы мүмкін. Солай болса, бұл енді масқара ғой.
Мемлекеттен алған миллиардтаған қаражатқа ресторандар, тойханалар салып тастады деген ақпарат та шындыққа жақын. Тіпті, ол ресторандар мен мейрамханаларда кейбір әкімдердің долялары да бар екенін естіп отырмыз.
Өз көзімізбен барып көрдік. Шымент қаласы, Бәйдібек би даңғылының бойындағы Elegant Emirates, Дулати би көшесі бойындағы Теріскей заманауи элиталы мейрамханалар осы адамдікі деп жатыр.
Мемлекеттен алған миллиардтаған субсидиялардың ақшасы осындай зәулім, элиталы нысандарды салуға жұмсалуы мүмкін.
Сонымен, біз ары қарай ізденісімізді жалғастырып, бұл адамның аса ірі жемқорлықтарға барғаны жөнінде тың ақпараттарды қолға түсірдік. Түркістан облысының ауылшаруашлық басқармасы бізге «ештеңе де алмаған» деп жауап беріп еді, енді бұл жауаптың өтірік, жалған екенін көзбен көріп отырмыз. Мемлекеттік орган бізге өтірік жауап берген.
Біріншіден, бұл адам «IGI QADAM» ЖШС арқылы Түркістан облысының АШБ мен 17.09.2020 жылы №2020-19-604 санды келісім шарт жасасып, субсидияға 269 861 114.59 теңге өте үлкен қаражат алған.
Екіншіден, Түркістан облысының АШБ мен 17.09.202 жылы №2020-19-978 санды келісім шарт жасасып, тағы да 265 972 225.54 теңге өте ірі көлемде қаражат алғаны туралы құжаттар қолымызға түсті. Миллиардтаған субсидия қаржысы осылай жымқырылған болуы мүмкін.
Бұл іске тегеурінді заңгерлерді тартып жатырмыз. Құзырлы органдарға қолымыздағы құжаттарды тіркеп, қайта сұрау жібермекпіз.
Қосымша құжаттарды алдырып, аудиттік тексеріске жолдаймыз.
Мемлекеттің қаражатын аяусыз талан-таражға түсірудің сан түрлі жолы бар сияқты" деп жазды Бекболат Қаржан.