"Асхат Аймағамбетов, жұртты шулатпай, қойсаңшы енді!"деген журналист білім саласындағы тағы бір шындықты айтты

"Асхат Аймағамбетов, жұртты шулатпай, қойсаңшы енді!"деген журналист білім саласындағы тағы бір шындықты айтты
Кей депутат "мектепті аудан әкімдігіне бағынышты ету керек"дегенге саятын пікір айтқан соң, қоғамда тұтас білім саласына қатысты қызу пікір талас жүруде. Осы мәселеге байланысты өз ойын білдірген ардагер журналист, қоғам белсендісі Абай Балажан проблеманың тереңіне үңілу керегін айтады деп жазады Democrat.kz.
 
Әлеуметтік желідегі парақшасында Абай Балажан: "Мектеп аудан әкімдігіне бағына ма, жоқ, әлде облыстық басқармаға бағына ма, оның ең бірінші міндеті - шәкіртке сапалы білім беру.
 
Білімді шәкірт дайындау үшін мұғалімнің өзі білімді болуы керек. Көпке топырақ шашпайын, бірақ, бүгінгі мұғалімдердің көпшілігінің білімі талапқа жауап бере бермейді. Оны шәкірттеріне қарап-ақ ажыратасың. Мұғалімдердің осындай күйге түсуіне меніңше, олардың жазығы шамалы. Бүгінгі мұғалімдер кімдер? Бүгінгі мұғалімдердің алды - тоқсаныншы жылдары өздері мектепте оқығандар. Расын айту керек, олардың оқыды деген аты болды. Себебі олардың мұғалімдерінің көпшілігі ол кезде күнкөріс қамымен саудаға шығып кетті. Математикадан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі сабақ берген кездер де болды. Негізгі пәндер жылдап оқытылмай қалды. Бұл процесс екі мыңыншы жылдардың ортасына дейін созылды.
 
Өтірік десеңіздер, мысал келтіріп сөйлейін, менің ұл-қыздарым ауылда да емес, Шымкенттің қақ орталығында - N 36 мектепте оқыды. Кіші ұлым мектепті 2007 жылы бітірді.
 
Солар оныншы класта бір жыл бойы тарих пәнін оқымады. Тарих сабағы болған кезде өздері 45 минут класта шулап отыра береді екен. Апайлары алаңсыз саудаға шығып кеткен.
 
Оның орнына ешкімді бекітпей, мектеп басшылығы айлығын жазып отырған. Мен оны оқу жылының соңында ғана біліп қалдым. Айқай шығардым, бірақ амал не, оқу жылы аяқталып қалған.
 
Репетитор жалдап жаз бойы балама тарих пәнін қайта оқыттым. Мен репетитор жалдап оқыттым, басқа балалар сол күйі оқымай қалды. Одан кейін білесіздер, мектептерде реформалар басталып кетті. Біреу “Атамұраның” оқулығымен оқытты, біреу тағы бір баспаның оқулығымен оқытты. Ол аз болғандай мектептерді молдалар жаулап алып, уағыз айтқан күндер де болды. Соның салдарынан оқушылар жұма күні мектепте емес, мешіттерде жүрді. Міне, сол шәкірттердің бәрі мектеп бітіріп, 70-80 пайызы педагогикалық мамандықтарға оқуға түсіп, бітіріп шықты. Бітіріп шықты деген аты, көпшілігі университеттерінің қайда екенін де білмей кетті.
 
Құжатын тапсырады, оқу ақысын төлейді, төрт жылы біткенде дипломын алып кетеді. Және олардың көпшілігі ретін тауып мектептерге жұмысқа орналасты.
 
Қазіргі шәкірттерді оқытып жатқандардың біразы осылар…Мен қазір студенттерге сабақ беріп жүрмін. Оларды өзім оқыған жылдардағы студенттермен еріксіз салыстырамын. Салыстырамын да жанымнан түңілемін.
 
Біздің кезімізде де нашар оқитын студенттер болды. (Өзімнің де шекесін қыздырғаным шамалы, үштік, төрттік, бестік, бәрін араластырып оқыдық). Біздің кезіміздегі ең нашар оқыған студенттер қазіргі жақсы оқитын студенттермен білім тайталастыра алады, осыған көзім жетті.
 
Аймағамбетов деген мәжілісмен “мектептерді аудан әкімдіктеріне беруге болмайды, ауданда жүргенде олар қайда артта қалып кетіп еді, облысқа берген соң сұмдық боп кетті” деген сыңайда мәлімдеме жасапты.
 
Өзінің білім бөлімдерінде де, әкімшілікте де жұмыс істегенін, яғни бәрін сұмдық білетінін айтыпты. Барлық жерде істепті, бәрін біледі екен, неге бүгінгі мұғалімдердің сауаты жайлы жақ ашпайды? Неге ол үнемі саланы саясиландырады да жүреді? Министр болды, депутат болды, ең бірінші оны осы мұғалімдердің сауаты деген мәселе алаңдатуы керек қой! Оны Қазақстан Республикасының азаматы ретінде ең бірінші кезекте жас ұрпақтың сапалы білім алу мәселесі алаңдатуы керек қой! Сапалы білім беру дегеніміз тек жайлы мектептер салу емес қой! Сапалы білімді киіз үйдің ішінде оқып та алуға болады, ең бастысы, мұғалім мықты болу керек, мұғалім сапалы болу керек!
 
Қазақстан үшін нөмірі бірінші проблема - мықты мұғалім мәселесі болу керек! Оның мәртебесін бірде-бір заң көтеріп бере алмайды, мұғалімнің мәртебесін білімімен мұғалімнің өзі көтереді!
 
Кешегі сенбілікке шығып, жұмыс істеген мұғалімдерімізді сыйламай кеткен ештеңеміз жоқ. Бүгін мұғалім сенбілікке шықпай үйінде отырғанда да оларды қоғамның қадірлеп бара жатқаны шамалы.
 
Себебі, ата-ана мектепте мұғалімнің алдынан оқып келген баласын қалтасынан ақша шығарып, репетитор жалдап тағы оқытады. Адамдар әкімге, сотқа сенбегені сияқты баласының мұғаліміне де сенбейтін болып барады.
 
Міне, Аймағамбетов мырза, нағыз жанашыр екенсің, бұл саланың бәрін біледі екенсің, әуелі назарды осыған аудар! Айтқандай, сенің министр кезіңде, содан кейін іле-шала мектепке директор болғандардың біразы мойнына ақша мініп сотталып кетті, бірлі-жарымы өз-өздеріне қол салып, о дүниелік болды.
 
Олардың туыстары трагедияның түп-төркінін мектептегі сендер істеген реформалардан іздейді. Жұртты улыған-шулыған қыла бермей, қойсаңшы енді",деп жазды
Барлық жаңалықтар