Асхат Аймағамбетов: "Мектепке айыппұл салынса, оны мұғалімдердің төлеуі дұрыс емес"

Асхат Аймағамбетов: "Мектепке айыппұл салынса, оны мұғалімдердің төлеуі дұрыс емес"

 Qasqa Jol YouTube арнасына сұхбат берген Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім, денсаулық саласына қатысты көптеген мәселелерді сөз етті деп жазады Democrat.kz.

Сұхбат барысында Асхат Аймағамбетов мектепке салынған айыппұлдардың қарапайым мұғалімдердің қалтасынан өндірілетіні жайлы атап өтті. Бұл жағдай ұстаздар қауымының ашу-ызасын туғызып, әділдікке деген сұрақтарды көбейткенін тілге тиек етті депутат.

Мектептерге айыппұлдар негізінен санитарлық-гигиеналық талаптардың бұзылуына, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауына, оқушылардың тамақтануына қатысты кемшіліктерге немесе басқа да әкімшілік тәртіпсіздіктерге байланысты салынады. Құқықтық нормаларға сәйкес, мұндай айыппұлдар білім беру мекемесінің атына рәсімделіп, оның бюджеті арқылы төленуі тиіс. Алайда көптеген жағдайда шығын қарапайым мұғалімдердің қалтасына салынатыны белгілі болды.

Педагогтар өз кезегінде мұндай тәжірибені әділетсіз деп санайды. Олардың айтуынша, жалақы мөлшері онсыз да төмен, оған қоса айыппұл төлеу – мұғалімдерді әлеуметтік қиын жағдайға қалдырады. Кейбір ұстаздар ай сайынғы табысының едәуір бөлігін айыппұлға беруге мәжбүр екенін жасырмайды.

Білім саласындағы сарапшылар да бұл тәжірибені заңға қайшы деп бағалап отыр. Олардың пікірінше, айыппұл мекеме бюджеті арқылы өтелуі тиіс, ал педагогтардың міндеті тек өздерінің тікелей қызметін орындаумен шектеледі. Мұғалімдердің мойнына қосымша қаржылық жауапкершілік жүктеу – олардың еңбек құқығын өрескел бұзу.

Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, ата-аналар мен қоғам белсенділерінің де назарын аударды. Көпшілік «ұстаздарды жазалау арқылы білім сапасын арттыру мүмкін емес» деген пікірде. Қоғамда бұл мәселені тез арада шешу және мұғалімдердің құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылуда.

Барлық жаңалықтар