Бірнеше аптадан бері онсыз да жүгі ауыр мұғалімдер білім саласындағы толассыз жаңалықтар мен реформалардан сүрлігудің көкесін көріп жатыр. Оқу жылының соңында мынадай "жағымсыз жаңалықтар" қажытқаны сондай, желідегі бір ұстаздың жазбасы жұртты елең еткізді деп жазады Democrat.kz.
Threads желісінде педегогтың "Сенің мықты мұғалімің шаршады Асеке…"деген жазбасы кімді болса да, елең еткізері сөзсіз еді.
Бұрынғы министр Асхат Аймағамбетовке арнап жазылған осы бір сөйлемде қаншама мұң, қаншама реніш, қаншама күрсініс барын тек мұғалімдер ғана түсінсе керек.
Және де бұл сөйлемнің басқа емес, Асхат Аймағамбетовке арналуы бекер емесін санасында саңылауы бар мұғалім түсінері анық.
Асхат Аймағамбетов те өзіне мұң шаққан мұғалімнің жазбасын елеусіз қалдырмай: "Өзім де ұстаз болғандықтан- бұл сөздің артында қаншама еңбек пен тер жатқанын жақсы сеземін.
Иә, ұстаз шаршайды, өйткені ол өз жұмысына бүкіл болмысын, жанын салады. Бірақ ұстаздың маңызды бір ерекшелігі бар емес пе? Ол қанша шаршаса да, шәкіртінің күлкісі мен жетістігінен жаңа күш алады.
Жүрекпен атқарылған еңбек ешқашан зая кетпейді. Шаршасаңыз да,жолыңыздан таймаңыз"деп қолдауға, жұбатуға, жігерлендіруге толы сөздерін арнады.
