5 наурыз күні Абай облысы аумағындағы полигонында келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметкер қаза тапты. Бұл туралы Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Democrat.kz.
Ресми нұсқа бойынша, қайғылы жағдай әскери техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан болған.
КРАЗ жүк көлігі буксирленіп жатқан сәтте әскери қызметкер екі көліктің арасында қысылып қалған. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан ол оқиға орнында көз жұмды.
Өкінішке қарай, Қазақстанда сарбаздар бейбіт күнде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, кейде ақ табытпен оралып жатқан жағдайлар жиі айтылып жүр.
Қоғамда әскердегі өлім-жітім мәселесіне билік жеткілікті деңгейде назар аудармайды деген пікір де бар.
Көп жағдайда мұндай оқиғалар түрлі себептермен түсіндіріліп, әскери қызметпен тікелей байланысы жоқ деп көрсетіледі.
Ресми деректерге сәйкес, 2020-2023 жылдар аралығында үш жыл ішінде Қазақстан армиясында 270 әскери қызметкер көз жұмған.
Ал өткен жылы Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов әскердегі өлім-жітім туралы сын-пікірлерді «дәлелсіз» деп бағалаған болатын. Министр сарбаздардың өлімі туралы сұрақтарға жауап берген кезде қоғамда қызу талқыланған мәлімдеме жасаған еді.
Дереккөз: Kerekemes.kz.