Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты inbusiness.kz -ке сілтеме жасап.
Депутат Олжас Құспековтің айтуынша, әскери қызметшілерге бірқатар қолдау шаралары ұсынылып отыр.
"Біріншіден, казармалық жағдайда орналасқан немесе карантиндік іс-шараларға тартылған әскери қызметшілерді мемлекет есебінен толыққанды тамақтандыру ұсынылады. Бұл шара қызмет өткерудің тиісті жағдайларын жасауға, жауынгерлік әзірлікті қолдауға және жеке құрамның денсаулығын сақтауға бағытталған. Сонымен қатар, бұл әскери қызметшілердің жоғары жүктеме мен шектеулер жағдайында міндеттерді орындау кезеңіндегі әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған норма 2025 жылғы 9 қазандағы Республикалық бюджет комиссиясымен қолдау тапты", – деді ол.
Сонымен қатар Төтенше жағдайларды жою, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу, сондай-ақ төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету міндеттерін орындауға тартылатын Қарулы Күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне 3 еселенген мөлшерде ақшалай қамтамасыз ету төлем көзделеді. Бұл ұсыныс тәуекел деңгейінің жоғарылығына, психологиялық және физикалық жүктеменің көптігіне, сондай-ақ көрсетілген кезеңдердегі ерекше қызмет жағдайларына байланысты енгізіліп отыр.
Ұсынылып отырған тетік әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге және ерекше маңызды міндеттерді орындау кезінде олардың материалдық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған.
"Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес өкімде тұрған (лауазымынан уақытша шеттетілген) әскери қызметшіні ең төменгі жалақы мөлшерімен қамтамасыз ету көзделеді. Қазіргі уақытта мұндай әскери қызметші жалақысыз өкімге шығарылатын. Сонымен қатар, жиырма бес жыл және одан да көп еңбек сіңірген әскери қызметшілерге өз қалауы бойынша жұмыстан босау мүмкіндігі қарастырылған", – деп түсіндірді мәжілісмен.
Бұдан басқа жоғары әскери лауазымдарға ұсыну үшін кандидаттардың цифрлық рейтингі енгізіледі.
"Заң жобасында шақыру бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген офицерлер декреттік демалыс рәсімдеген кезде еңбек сіңірген жылдарының мерзімін тоқтата тұру нормалары көзделген. Қазіргі уақытта аталған санаттағы адамдар әскери қызметке шақырылып, декреттік демалыс рәсімдеп, іс жүзінде қызмет атқармайды.Біз БҰҰ-ның әскери персонал ұсынғаны үшін мемлекетке төлейтін қаражаты әскери қызметшілерге төлем жүргізу үшін тікелей Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің шотына түсуі тиіс деген ұсыныс енгіздік. Қазіргі уақытта бұл қаражат республикалық бюджетке түседі", – деді Олжас Құспеков.