Астанада құрылыс алаңындағы мұнара краны құлап, бір адам оқиға орнында қаза тапты. Тағы екі адам ауруханаға жеткізіліп, олардың бірінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Полиция қылмыстық іс қозғады, деп жазады Democrat.kz.
Оқиға Қорғалжын тасжолы маңында, №100 мектепке жақын салынып жатқан нысанда болған.
Кран құлағаннан кейін төтенше жағдай қызметтері мен дәрігерлер оқиға орнына жеткен.
Бір адам алған жарақатынан сол жерде көз жұмды.
Тағы екі зардап шегуші Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілген. Дәрігерлер олардың бірінің жағдайын ауыр деп бағалады, екінші пациент стационарда ем алып жатыр.
Астана полициясы құрылыс кранының құлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Бұл елордада бірнеше күн ішіндегі екінші осындай оқиға. 27 тамызда Е908 көшесі маңындағы құрылыс алаңында да мұнара краны құлап, бір адам қаза тапқан еді.
Тергеу барысында техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен апаттың нақты себебі анықталмақ.