Атырауда жоғалған отбасы: Жұрт білмейтін сұмдықтар мен күйеу баласы туралы шындықтар

Атырауда жоғалған отбасы: Жұрт білмейтін сұмдықтар мен күйеу баласы туралы шындықтар

Атырау облысының Жангелдин ауылында бүкіл бір отбасының қазасы мен жоғалуына қатысты тергеу жалғасуда. Ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылып, кеше, 8 қаңтар күні жерленді деп жазады Democrat.kz. сайты Orda.kz.-ке сілтеме жасап.

Ал із-түзсіз кеткен екі бауыр су айдындарынан іздестіріліп жатыр. Кісі өлтіруге марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп жарияланып, оған іздеу салынды. Оның не себепті өзін «Самурай» деп атағанын және тұйық мінезіне қарамастан әрдайым ақшасы болғанын Orda.kz тілшісі зерттеп көрді.

Шаңырағы шайқалған отбасы туралы не белгілі? 

Елді елең еткізген отбасында бес адам болған: ата-анасы, екі қызы және бір ұлы.Кіші қыз тұрмысқа шығып кеткен. Қалғандары бір үйде өмір сүрген.

Алғаш болып 32 жастағы ұл — Наурыз Мұқанғалиев жоғалады. Ол отбасының ортаншы баласы. Шамамен жарты жыл бұрын оның Ақтауға жұмыс істеуге кеткені айтылуда. Қазан айында, Наурыздың әкесі мен анасы жоғалған кезде, отбасының бүкіл малы Наурыздың WhatsApp нөмірі арқылы сатылып, ақша әкесінің картасына аударылған.

 

Бұл отбасының ағайын-туысы жоғалған жақындарын іздеуге асықпаған. Себебі Наурыз олармен байланыста болыпты. Ол ата-анасының жоғалмағанын, емделу үшін ауылдан ауруханаға кеткенін жазған. Алайда, ол жазбаның бәрін Наурыз емес, басқа адам жазып отырған. 

Наурыздың ата-анасы 2025 жылдың қазан айында жоғалады. 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен 64 жастағы Насипа Өтешқалиева ауыл адамдарына қарапайым, ақкөңіл адамдар ретінде танылған. Қаңтар айында олардың мәйіттері өз үйлерінің жанындағы сарайдан 1,5 метр тереңдікте көмілген жерінен табылған. Қылмыскер топырақтың үстіне диван қойып жасырған. 

 

Ата-анасымен бірге 1990 жылы туған үлкен қыздары Мейрамгүл Қарабалина да із-түзсіз жоғалған. Оның әлі күнге дейін не өлі, не тірі екені белгісіз.

 

5 қарашада марқұмдардың кіші қызы — Ақбаян Мұқанғалиева үйден кеткен. Ол кісі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы.

30 жастағы Ақбаян — бес баланың анасы. Жақындарының айтуынша, соңғы босануы әйелдің денсаулығына қатты әсер еткен. Күйеуі оны Түркияға емделуге апарған көрінеді. Ал таныстары ол жақта психиатриялық ем қабылдағанын жазады.

 

Қазіргі уақытта Ақбаянның да қайда екені белгісіз. Ол Индер ауданындағы жанармай құю бекетіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Қандықол «күйеу бала» туралы қандай ақпарат бар?

Құқық қорғау органдары қасақана кісі өлтіру нұсқасын қарастыруда. Ерлі-зайыптыны марқұмдардың 29 жастағы күйеу баласы — Сұлтан Сәрсемәлиев өлтірген болуы мүмкін.

«Үйленген, бес баласы бар. Тұрақты жұмысы болмаған. Мінезі тұйық, көпшіл емес, діндар. Жұмыссыз болса да, үнемі ақшалы жүретін. Жалпы қарым-қатынасымыз қалыпты еді», — деп сипаттайды оны марқұмдардың туыстары.

Сұлтанның ата-анасы онымен соңғы рет қараша айында сөйлескен. Осы уақыт ішінде олардың 5 баласын өздері қарапты. Бірақ, ұлы мен келінінен бір айдан астам уақыт хабар болмағаны да оларды алаңдатпаған көрінеді.

Әлеуметтік желіде Сұлтан Бали аралында жасырынып жүріп, марқұм қайын атасы мен қайын енесінің банк карталары мен SIM-карталарын пайдалануы мүмкін деген ақпарат тарауда. Бұл — қазірше қауесет, полиция бұл нұсқаларды да тексеріп жатыр.

Неліктен күйеу бала күдікті болып шықты?

Сұлтан Сәрсемәлиевтің елден асығыс кеткені күмән тудырған. Бұл ақпаратты әлеуметтік желілерде өзін «хакер» деп атаған жігіт жариялаған еді. 

Полиция осыған қатысты бейресми ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін қатаң ескертті.  Әлгі «хакердің» айтуынша, күдікті жоғалғандардың SIM-картасын кезек-кезек қосып отырған. Бұл рас па, жоқ па — оны тек ресми органдардың түсініктемесінен ғана білеміз. Әзірге полиция тергеу құпиялығын сақтап отыр. Қазіргі таңда тергеушілер екі бауырдың мәйіттері ауыл маңындағы суға тасталған болуы мүмкін деген нұсқаны тексеріп жатыр. Атырау облысы ТЖД басқармасының басшысы Жантөре Демешов жоғалған адамдарды іздеуге сүңгуірлер мен суасты дроны қосылғанын хабарлады. Іздеу жұмыстары Шадымантүбек, Бесмола, Бірмола аумақтарында 20 шақырым радиуста, сондай-ақ Қарасуда жүргізілуде. Әзірге нәтиже жоқ.

«GetContact» мобильді қосымшасының деректеріне сүйенсек (бұл қосымша сіздің нөміріңіз басқа адамдардың телефонында қалай сақталғанын көрсетуге мүмкіндік береді), Сұлтан Сәрсемәлиев жұмыс орнын жиі ауыстырып отырған болуы мүмкін.

 

Мысалы, Sultan Tengiz Sec деген тег Атыраудағы «ТЕҢІЗ-SECURITY» күзет компаниясының атауына ұқсайды.

Ал «Сұлтан Ербол Биогумус Кооператив» деген тег оның осы салаға және Ербол есімді адамға қатысы бар екенін аңғартады. «Слайд Шоу» деген тег те бар. Бұл шаңырағы шайқалған отбасының күйеу баласының түрлі қабілеттері бар екенін меңзейді.

Қызығы, тегтерде Сұлтан есімімен қатар Suleiman деген есім де бірнеше рет кездеседі. Ал «Сұлтан Ахии» тегі оның діндар мұсылман екені жөніндегі қауесеттерді растайтындай. Ал Сұлтанның өзі, «GetContact»-тағы тіркеу атына «Мен Самураймын» деп жазған.

Полиция тергеуге кедергі келтірмеуді талап етуде. Алайда, бұл қылмыс қазақ қоғамын дүр сілкінтті. Енді халық бұл іс қалай жалғасатынын, соңы немен бітетінін бақылап отыр. 

Барлық жаңалықтар