Атырауда жоғалған отбасы: тағы бір сұмдық ақпарат шықты

Атырауда жоғалған отбасы: тағы бір сұмдық ақпарат шықты

Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты резонанс тудырған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды деп жазады Democrat.kz. сайты АқЖайық сайтына сілтеме жасап.

Негізгі күдікті — Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін мойындап, қазіргі уақытта Атыраудағы тергеу изоляторында сотты күтіп отыр.

Дереккөздердің мәліметінше, айыпталушы қылмыстық іс материалдарымен танысып, төрт адамның өліміне қатысты кінәсін мойындаған.

Сәрсемалиевке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы — «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бойынша айып тағылды. Сонымен қатар, тергеу аясында ҚК-нің 188 және 190-баптары — «ұрлық» және «алаяқтық» бойынша қосымша қылмыстық істер тіркелген. Әңгіме қаза тапқан отбасының малын сату және олардың банк карталарындағы ақшаны жымқыру туралы болып отыр.

— Барлық тергеу әрекеттері аяқталды. Іс толық дайын және жақын уақытта сотқа жолданады. Сот процесі осы айда басталады, — деп хабарлады дереккөз.

Бұған дейін Атырау облысының прокуратурасы психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемалиев толықтай есі дұрыс деп танылғанын мәлімдеген болатын. Бұл оның заң бойынша толық көлемде жауапкершілікке тартылатынын білдіреді.

Тағылған айыптарды ескере отырып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.

Барлық жаңалықтар