Атырауда мұнай компаниясына 1,4 млрд теңгеден астам айыппұл салынды

Атырауда мұнай компаниясына 1,4 млрд теңгеден астам айыппұл салынды

Атырау облысында мұнай компаниясы экологиялық заңнаманы бірнеше рет бұзғаны үшін 1 млрд 433,8 млн теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Компания айыппұлдың басым бөлігін сот арқылы дауламақ болғанымен, сот экологтардың шешімін қолдады, деп жазады Democrat.kz.

Атырау облысының Экология департаменті «Потенциал Ойл» компаниясын тексеру кезінде бірқатар заң бұзушылықты анықтаған.

Олардың арасында өндірістік экологиялық бақылаудың дұрыс жүргізілмеуі, ағынды сулар мониторингіндегі кемшіліктер, рұқсат етілген шығарындылар нормасының асуы және экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеу бар.

Сонымен қатар топырақтың мұнай өнімдерімен ластануы мен қалдықтарды басқару талаптарының бұзылғаны анықталған.

Жалпы айыппұл сомасы 1 млрд 433,8 млн теңгені құрады. Оның 21,9 млн теңгесі төленген.

Компания қалған 1 млрд 411,9 млн теңгені сотта даулағанымен, бірінші және апелляциялық инстанциялар экологтардың пайдасына шешім шығарды.

Қарыз белгіленген уақытта өтелмесе, іс мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сот орындаушыларына беріледі. 

Барлық жаңалықтар