Атыраудағы сұмдық: Марқұмдардың өмірінің соңғы күндері туралы шындық дерек

Атыраудағы сұмдық: Марқұмдардың өмірінің соңғы күндері туралы шындық дерек

Атырау облысының Жангелдин ауылында болған жантүршігерлік қылмысқа қатысты жаңа деректер жария болды. Tengrinews.kz арнайы репортажында қаза тапқан Қарабалиндер отбасының өмірі, соңғы күндері мен қайғылы оқиға болған орын көрсетілді деп жазады Democrat.kz.

Бүгінде Жангелдин ауылы тым-тырыс. Халық сирек жүретін шағын ауылда бір жыл бұрын бүкіл елді дүр сілкіндірген қанды қылмыс болған.

Қазір Қарабалиндер отбасының үйі қаңырап бос қалған. Қатты желден қоршаудың бір бөлігі құлап, ауласына көрші үйлердің малы кіріп жүр. Үй мен аула біртіндеп қараусыз қалып барады.

Үйдің ішіндегі заттар да сол күйі сақталған. Тек бұл үйде бұрынғыдай тіршілік жоқ.

Марқұм Мақсот Қарабалин мен жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның бөлмесінде олардың жеке заттары әлі тұр. Қабырғада Мақсот Қарабалиннің 60 жасында сыйға тартылған портреті ілулі. Ал жанында той-томалаққа киетін костюмі сақталған.

Марқұмның әпкесі Әсила Мұқанғалиева журналистерге үйді аралатып, отбасын еске алған.

“Бұл бөлме екеуінікі еді. Жеңгем өте таза, ұқыпты адам болатын. Үйде бір шаң болмайтын. Үнемі үйді әктеп, тазалап жүретін. Біз “қойшы” десек те тыңдамайтын”, – дейді ол.

Ас бөлмедегі тоңазытқышта Нәсіп Өтешқалиеваның өз қолымен жасаған сары майы әлі күнге дейін сақтаулы тұр.

“Қазір тоңазытқыш бос. Ал бұрын үнемі толып тұратын. Жеңгем қаймақ жинап, май шайқап, бәрін реттеп қоятын. Мынау – өз қолымен жасаған май”, – дейді туысы.

Әсила Мұқанғалиеваның айтуынша, Қарабалиндер қарапайым, еңбекқор, ешкімге зияны жоқ отбасы болған. Олар мал ұстап, шаруашылықпен айналысып, тыныш өмір сүрген.

Отбасының жоғалуы елді шошытты

2025 жылдың соңында Қарабалиндер отбасы із-түзсіз жоғалып кеткен. Туыстары оларды желтоқсан айының соңында іздей бастаған.

Арада екі ай өткен соң олардың мәйіттері зорлық белгілерімен табылды. Бұл іс Атырау облысындағы ең резонансты қылмыстардың біріне айналды.

18 мамырда Атырауда 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі басталды. Ол — Мақсот пен Нәсіптің бұрынғы күйеу баласы, кенже қыздары Ақбаянның экс-күйеуі.

Қаза тапқандар:

66 жастағы Мақсот Қарабалин;
64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.

Ақбаян мен Сұлтанның махаббаты қалай басталды?

Туыстарының айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиева мектептен кейін Ақтөбеде заңгер мамандығында оқыған. Кейін Атырауға көшіп, жәрмеңкеде жұмыс істеп жүргенде Сұлтан Сәрсемәлиевпен танысқан.

Екеуі 2016 жылы шаңырақ көтерген. Бірақ туыстарының сөзінше, үлкен той болмаған. Күйеу жігіт жағы қыз алып қашу дәстүрін пайдаланған. Кейін екі жақ танысып, шай ішкен.Отбасында бес бала дүниеге келген.

Ажырасу, қайта қосылу және ауыр дерт

2022 жылы Ақбаян үш баласын алып, ата-анасының үйіне кетіп қалған. Анасы қызының енесінің қолында тұрғанын қаламай, Атырауда бөлек тұруын талап еткен. Алайда Сұлтан ата-анасын тастап кеткісі келмеген. Осыдан кейін екеуінің арасы суып, ресми түрде ажырасқан.

Бірақ арада көп уақыт өтпей қайта қосылып, бірге тұра бастаған. 2024 жылы Ақбаян бесінші баласына жүкті болған.

Сол жылы тамыз айында Жангелдин ауылына барған кезде Ақбаянның жағдайы күрт нашарлап, оған пневмоторакс диагнозы қойылған. Отадан кейін ол 20 күндей комада жатқан.

Тергеу материалдарына сәйкес, осы жағдайдан кейін оның психикалық денсаулығында қиындықтар пайда болған.

“Өте тұйық адам еді”

Әсила Мұқанғалиева тергеу материалдарында айтылған деректерді өз естеліктерімен толықтырды. Оның айтуынша, Ақбаянның ата-анасы жас отбасыға үнемі көмектесіп отырған.

“Ағам мен жеңгем Ақбаянға ауылдан үнемі азық-түлік апарып тұратын. Ет, сүт, қаймақ – бәрін өздері дайындап, жинап беретін. Қыздарын қолдан келгенше толық қамтамасыз етуге тырысты”, – дейді ол.

Әсиланың сөзінше, өзі Сұлтан Сәрсемәлиевті өмірінде бірнеше-ақ рет көрген. Алғаш рет олардың тұңғыш қызы дүниеге келгеннен кейін, туыстар арнайы шай ішуге барған кезде кездескен.

“Бізді жақсы қарсы алды. Дастархан жайып, шай беріп, ет асқан. Бірақ Сұлтан бізбен бірге отырып әңгімелеспеді. Үнемі басқа бөлмеде, қызының жанында жүрді. Шынын айтсам, Ақбаянның үйіне барған сайын Сұлтанды көп көре бермейтінбіз”, – дейді туысы.

Келесі рет Әсила оны Ақбаян ауыр дерттен кейін ауруханадан шыққанда көрген. Оның айтуынша, сол кезде де Сәрсемәлиев ас үйде үнсіз отырған, ешкіммен араласпаған.

Туыстары Сұлтанды өте тұйық адам ретінде сипаттайды.

“Өте қарапайым, сабырлы жігіт еді. Тым тыныш болатын. Осындай адамның қолынан мұндай сұмдық шығады деп ешкім ойлаған жоқ. Ол адамдармен көп араласпайтын, көп сөйлемейтін, тұйықтау адам еді”, – дейді Әсила Мұқанғалиева.

Бір пышақпен жасалған қылмыстар

Тергеу нұсқасына сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев барлық қылмыста бір асүй пышағын пайдаланған.

Алдымен 2025 жылдың 14 мамырында Наурыз Мұқанғалиев өлтірілген. Ол Атырау маңындағы жалдамалы үйде қаза тапқан. Тергеу мәліметінше, екеуінің арасында жанжал шығып, Сәрсемәлиев Наурызға бірнеше рет пышақ сұққан. Кейін мәйіт үйдің ауласына көмілген.

Ал Мейрамгүл Қарабалина жарты жылдан кейін, 2025 жылдың 6 қарашасында өлтірілген. Ол да сол үйге қонаққа барған кезде қаза тапқан. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті оған бірнеше рет пышақ жарақатын салып, денесін кілемге орап көмген.

Зейнеткерлердің денесі Жангелдин ауылындағы қора астынан табылған. Тергеушілердің айтуынша, күдікті еден астынан арнайы шұңқыр қазып, мәйіттерді сол жерге жасырған.

“Бұл үйде үнемі жарық болатын”

Көршілерінің айтуынша, Қарабалиндердің үйі бұрын үнемі адамға толы болатын.

“Өте жақсы адамдар еді. Мал ұстап, өз күндерін өздері көрді. Ешкімге зияны жоқ, тыныш өмір сүрді”, – дейді көршісі Серікбай Ақмешіт.

Ауыл тұрғындары бұл оқиғадан кейін ұзақ уақыт қорқып жүргендерін айтады.

“Бір отбасы түгелдей жоқ болып кетті. Мұны қабылдау өте қиын”, – дейді олар.

Наурыз бен Мейрамгүл қандай адамдар еді?

Қарабалиндер отбасының туысы Әсила Мұқанғалиева сотта айтылған кейбір деректерге сенбейтінін жеткізді. Әсіресе ол Наурыз Мұқанғалиевтің мінезіне қатысты пікір білдірген.

“Мен Наурыз бірінші болып жанжал шығарып, төбелес бастауы мүмкін дегенге сенбеймін. Бұл – оның табиғатына мүлде жат нәрсе”, – дейді ол.

Туыстарының айтуынша, Наурыз өте ашық мінезді, көпшіл әрі еңбекқор жігіт болған. Оның өз шайханасы болыпты. Жақындарын үнемі қонаққа шақырып, туыстарымен аралас-құралас жүргенді жақсы көрген.

“Ол тек шайханасына шақырып қана қоймайтын. Өзі де туыстардың үйіне жиі келіп тұратын. Өте ақкөңіл, адамдармен тез тіл табысатын жігіт еді”, – дейді Әсила Мұқанғалиева.

Наурыздың тәттіні ерекше жақсы көретіні де айтылды. Сол себепті туыстарына барған сайын вафли, пряник, түрлі кәмпиттер алып келетін көрінеді.

Ал Мейрамгүл Қарабалина туралы туыстары оның өте сабырлы, ұстамды адам болғанын айтады. Әсиланың сөзінше, Мейрамгүл ешқашан артық эмоция көрсетпейтін, дау-жанжалдан алыс жүретін жан болған.

“Мейрамгүл өте қарапайым еді. Оған көп нәрсе керек болмайтын. Үйдегі тыныштық, дастархан басында отырып шай ішу –  оған жеткілікті болатын”, – дейді туысы.

Туыстарының айтуынша, ол қымбат дүние не сән-салтанатқа қызықпаған. Ең бастысы – отбасының амандығы мен үйдегі жылылық болған.

Әсила Мұқанғалиева бүгінде олардың қазасына әлі де сену қиын екенін айтады. Оның сөзінше, кезінде күліп-ойнап жүрген отбасының бір сәтте жоқ болып кетуі бүкіл әулетке ауыр соққы болған.

“Бұл олардың соңғы туған күні сияқты”

Әсила Мұқанғалиева 2022 жылы өткен Максот Қарабалиннің 63 жас мерейтойын ерекше сағынышпен еске алды.

Айтуынша, сол күні бүкіл отбасы жиналған. Ақбаян ата-анасына арнап ән айтпақ болған. Басқа туыстары арнайы өлең дайындап, құттықтау жазған.

“Сол күн бәріміздің есімізде қалды. Бәрі сондай бақытты, көңілді еді. Қазір ойласам, бұл олардың бізбен соңғы қоштасуындай болыпты”, – дейді Әсила Мұқанғалиева көзіне жас алып.

Қазір Сұлтан Сәрсемәлиевке бірнеше адамды аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр. Қылмыстық іс 15 томнан тұрады.

Материалдағы фотолардың авторы:  Tengrinews.kz / Әлімжан Аманжол.

Барлық жаңалықтар