"Атыраудағы сұмдық": Марқұмдарға қатысты тың дерек шықты

"Атыраудағы сұмдық": Марқұмдарға қатысты тың дерек шықты

Атырау облысында өз күйеубаласының қолынан қаза тапқан төрт адамнан тұратын тұтас отбасы Жангелдин ауылындағы бір зиратқа қатар жерленді, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Tengrinews.kz.-ке сілтеме жасап. 

Марқұмдардың мүрдесі Атыраудан 400 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдық қорымда мәңгілік мекенін тапты.

Жергілікті тұрғындар мен туыстары қаңтар айында 66 жастағы отағасы Мақсот Қарабалин мен оның 64 жастағы жұбайы Насіп Өтешқалиеваны ақтық сапарға шығарып салса, кейінірек 11 наурызда олардың ересек балалары 32 жастағы Наурыз бен 35 жастағы Мирамгүлдің жаназасы оқылды. 

Қайғыдан қан жұтқан марқұмның қарындасы Фаризат Кенжеғалиева бұл отбасының тірі кезінде өте тату болғанын және жантүршігерлік трагедия оларды өлімнен кейін де біріктіргенін айтты.

«Ол тұтас отбасын құртып жіберді, біз сот шешімін күтіп отырмыз, бірақ ол қандай болса да бауырым мен оның отбасын қайтара алмайды, бұл орны толмас қаза, бәрін жойған адам өте қатыгез екен, олар тірі кезінде бір отбасы болды, ақыры өлімнен кейін де бірге болды, енді олар жоқ», – деді марқұмдардың туысы Фаризат Кенжеғалиева.

Айыптау актісіне сүйенсек, 29 жастағы бұрынғы күйеубала Сұлтан Сәрсемалиев барлық қылмысты жарты жыл ішінде бір ғана асүй пышағымен жасаған. Алдымен 2025 жылдың 14 мамырында ол Геолог ықшамауданындағы жалдамалы пәтерінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевпен сөзге келіп қалып, оны өлтірген соң мәйітті ауладағы шұңқырға көме салған. Одан кейін 3 қараша күні Жангелдин ауылындағы сарайда енесі мен қайын атасын кезекпен өлтіріп, олардың да денесін шаруашылық ғимаратының астына жасырған. Арада үш күн өткенде күйеубаласының үйіне қонаққа барып, тұрмыс жағдайына көңілі толмаған Мирамгүл де оның қолынан қаза тауып, ағасы Наурыз көмілген шұңқырға тасталған. Тергеу барысында сарапшылар әрбір мәйіттен мойын және кеуде тұсына тиген алтыдан астам пышақ жарақатын анықтады.

Қылмысын жасырмақ болған күдікті өзінің бұрынғы әйелі Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге Индонезияға қашып кеткенімен, ақпан айында Сенару ауылында ұсталып, елге экстрадицияланды. Ол кінәсін толық мойындап, марқұмдардың қайда жасырылғанын өзі көрсетіп берді. Прокуратураның мәліметінше, психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемалиевтің ақыл-есі дұрыс деп танылғандықтан, ол жасаған іс-әрекеті үшін заң алдында толық жауап береді. Қазіргі таңда оған екі немесе одан да көп адамды өлтіру, ұрлық және алаяқтық баптары бойынша айып тағылып отыр, бұл үшін ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тергеушілер оның марқұмдардың жеке заттарын жымқырып, малдарын заңсыз сатқанын да анықтаған. Ал күдіктінің әйеліне қатысты әзірге ешқандай айып тағылған жоқ, қазіргі уақытта ол Алматыдағы сот сараптамасы институтында психиатриялық тексеруден өтіп жатыр.

Атышулы іс бойынша басты сот талқылауы 28 мамырда Атырау қаласында басталады, бұл процесті бұған дейін резонансты істер бойынша үкім шығарған судья Зарема Хамидуллина жүргізеді.

Барлық жаңалықтар