Кезекті сот отырысында қаза тапқандар жерленген орыннан жүргізілген қазба жұмыстарының бейнежазбалары, айыпталушы алтын әшекейлерді өткізген ломбардтағы кадрлар және қылмыстан кейінгі оның жүріп-тұруына қатысты видеоматериалдар көрсетілді деп хабарлайды Democrat. kz. сайты "Ақжайық" басылымына сілтеме жасап.
Сот Жангелдин ауылында төрт адамды өлтіру ісі бойынша бейнеайғақтарды зерттеуді жалғастырды.
Көрсетілген жазбалардың бірі – қаза тапқандардың денелері табылған жердегі қазба жұмыстарының кадрлары болды. Видеода сарайдың едені ашылғаннан кейін тергеушілер топырақты қаза бастағаны көрінеді. Шамамен бір метр тереңдікте жер астынан Максот Қарабалиннің қолы шықты. Шұңқыр ішінен шығарылған соң ары қарай қазғанда әйелі Нәсіп Өтешқалиеваның мүрдесі табылған.
Келесі қараған бейнежазба - Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан “Қапланбек” автокөліктерді өткізу бекетінен өту сәті.
Алайда бұл жазбаны қарау күткен нәтижені бермеді, содан кейін сот басқа бейнематериалдарды зерттеуге кірісті.
Осыдан кейін сот процесіне қатысушылар бейнебақылау камерасынан алынған ломбард жазбасын көрді. Тергеу нұсқасына сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев екі алтын сақинаны өткізіп, ақша алған. Видеода бұйымдардың бағасы талқыланады: бір сақина шамамен 46 мың теңгеге, екіншісі шамамен 47 мың теңгеге бағаланған. Жалпы сома 100 мың теңгеге жуық болды.
Түскі үзілістен кейін сот бейнематериалдарды зерттеуді жалғастырады. Атап айтқанда, «Қапланбек» өткізу пунктінен өту жазбалары, Шымкенттегі банктен ақша алу сәті және қазба жұмыстары мен марқұмдардың мүрделерін табуға қатысты бейнежазбалар қаралатын болады.