Атыраулық бір топ мұсылман Бас мүфтиге үндеу жасады

Атыраулық бір топ мұсылман Бас мүфтиге үндеу жасады

Атыраулық бір топ мұсылмандар Бас мүфти Наурызбай қажыға үндеу жасап, өтініш білдірді деп жазады Democrat.kz.

"Құрметті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы!

Алла Тағаланың нұры мен берекесі үстіңізге болғай! Елімізде Ислам дінінің өркендеуі жолында жасап жатқан қажырлы еңбегіңізге зор алғыс білдіреміз. 

Әсіресе, соңғы жылдары енгізілген имамдар мен ұстаздарды ротациялау жүйесін біз толық қолдаймыз - бұл дін қызметіндегі әділдік пен тәртіпті орнықтыруда маңызды қадам.

Алайда, өкінішке қарай, бұл жүйе Атырау облысында толық іске аспай отыр. 
Біз бұны жай ғана кідіріс емес, саналы түрде қарсылық пен өрескел немқұрайдылық деп бағалаймыз.

Атыраудағы кейбір мешіттер жекеменшік кәсіпке, ал кейбір имамдар жеке дара билеушіге айналып барады. 

Олар 15–25 жыл бойы бір орында отырып алған, жамағаттың ескертуін де, өкіл имамның сөзі мен діни басқарманың талабын да елең қылмайтын жағдайға жеткен. Бұлар "мешіт менікі, менің айтқаным болады" дегендей астамшылықпен әрекет етуде. Қайта-қайта ескертілсе де, ешқандай нәтиже жоқ!

Мешіттер - халықтың қасиетті орны, жеке меншік емес! Бұл жерде тәкаппарлық пен басынушылық емес, тазалық пен тәубе, көркем мінез бен кішіпейілділік билеуі керек! 

Ал бізде керісінше: дөрекілік, тәкәппарлық, жамағатқа суық қабақ, мешіттің есігін тарс жауып отырғандай әрекеттер.

Бір орында ұзақ отырып қалған кейбір қызметкерлер жамағатты менсінбеуді, сыни пікірді жаулық деп қабылдауды, ешкімге есеп бермеуді қалыпты жағдайға айналдырып алды. Олар:

"Бес мүфти, алты өкіл имам ауысты, біз әлі орнымыздамыз. Бізді ешкім орнынан қозғалта алмайды!" деген астам пікірлерін жасырып та жатқан жоқ. Бұл - тәртіпке емес, жүйеге емес, Алла алдында да жауапсыздық!

Нәтижесінде не болды? Жамағат мешіттен суынды. Жастар мешітке барудан қашады. Тіпті діннің абыройына дақ түсуде. Бұл - өте қауіпті тенденция. Бұл- тек қана Атырау өңірі емес, барша еліміздегі Ислам дініне көлеңке түсіру!

Құрметті бас мүфти!

Елдің премьер-министрі де, облыс әкімдері де ауысады. Ал мешіт қызметкерлері "мәңгілік қызметкер" болуға тиіс емес! 

Әр лауазым – аманат. Аманатты арқалай алмаса – орнын босатуы қажет!

"Ет сасыса тұз себер,тұз сасыса не себер" дейді қазақ. Бірақ біз сізден әділетті шешім мен нақты әрекет күтеміз. Бұл өтінішіміз – жәй наразылық емес, бұл – жамағаттың жанайқайы, үмбеттің үміті!

Біздің талабымыз – әділдік! Біз сұрап отырғанымыз – таза мешіт, көркем мінезді имам, Алладан қорқатын қызметкер!" Деп жазды Атырау қаласының бір топ мұсылмандары.

Барлық жаңалықтар