"Аузы жыртылған жылқы": Көкпар - жарыс емес, жанжал ойынға айналып бара жатқан жоқ па?

"Аузы жыртылған жылқы": Көкпар - жарыс емес, жанжал ойынға айналып бара жатқан жоқ па?

Көкпардан кейін аузы қанға боялып, әбден титықтаған жылқының видеосы әлеуметтік желіде қатты талқыланып жатыр. Көпшілік ұлттық ойынның өзіне емес, атқа жасалған қатыгездікке наразылық білдіріп, «жеңіс үшін жануарды осынша қинаудың қажеті бар ма?» деген сұрақ қойды, деп жазады Democrat.kz.

Тараған кадрларда ақ жылқының ауыз тұсы қатты жарақаттанып, қанап тұрғаны көрінеді. Желі қолданушылары аттың ауыздығы мен тізгіннің қатты тартылуы, қамшы және ойын кезіндегі шамадан тыс күш жылқыға ауыр жарақат түсірген болуы мүмкін екенін айтып жатыр.

«Жылқының жанын қинап ойнамай-ақ қойыңдаршы», «Аузы жыртылып кеткен», «Бұл жарыс емес, жануарды азаптау» деген пікірлер жүздеген қолдау жинаған.

Бірқатар қолданушы көкпардың ұлттық ойын екенін жоққа шығармайды. Алайда бүгінгі ойында аттың денсаулығы мен қауіпсіздігі екінші орынға түсіп қалғанын сынайды.

«Көкпар бұрыннан бар. Бірақ қазіргі адамдар оның ережесін түсінбей бара жатқан сияқты. Жеңем деп астындағы атын да аямайды», – деген пікір бар.

Тағы бір қолданушы:

«Мәселе қазақта не қырғызда емес. Мәселе – адамның өзінде», – деп жазған.

Пікірлер арасында көкпарды мүлде тоқтатуды талап еткендер де, ойынға жылқыны қорғауға арналған қатаң ереже енгізу қажет деп санайтындар да бар.

Желіде «аттарды осылай қинайтын болса, мұндай көкпардың керегі не?» деген сауал жиі қойылып жатыр.

Көкпардағы тартыста көк серке үшін ғана емес, шабандоздың астындағы жылқы үшін де күш пен төзім сыналады. Ал соңғы тараған кадрлар сол «төзімнің» қай жерде жануарды азаптауға айналып кететінін қайта көрсетіп отыр.

Бұл жолы жұртты ойынның есебі емес, аузы қанға боялған аттың аянышты халі көбірек толқытты.

Барлық жаңалықтар