"Аузын жаппақ болдым" деген Сұлтан Сәрсемәлиев тағы бір сұмдығын ашты

"Аузын жаппақ болдым" деген Сұлтан Сәрсемәлиев тағы бір сұмдығын ашты

Атырауда отбасы мүшелерін өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайын інісі 32 жастағы Наурызды және қайын сіңлісі 35 жастағы Мирамгүлді қалай өлтіргені туралы айтты деп жазады Democrat.kz. сайты Newtimes.kz.-сілтеме жасап.

Сәрсемалиевтің айтуынша, Наурыз бірден қайтыс болмаған.

— Наурыз бірден өлген жоқ. Менің өмірімде мұндай алғаш рет болды, тіпті мал да сойып көрмегенмін, — деді ол.

Сондай-ақ айыпталушы аулада шамамен 15 минут отырып, үйдің кіреберіс есігі ашыла ма деп күткенін айтты. Кейін үйге қайта кіргенде Наурызды еденде жатқан күйінде көрген.

Оның сөзінше, ол Наурыз әлі тірі болуы мүмкін деп ойлаған және егер аман қалса, бүкіл отбасыға күйеу баласының оны өлтірмек болғанын айтып береді деп қорыққан.

Сотталушының айтуынша, болған оқиғадан кейін полиция шақыруды ойлаған және кешке дейін не істерін білмей жүрген.

— Шынымды айтсам, полиция шақырғым келді. Бірақ менің бес балам бар, ең кішісі ол кезде төрт айлық еді. Әйелім олардың бәріне қарай алмайды. Сондықтан не істеу керектігін ойлап жүрдім, — деді ол.

Сәрсемалиев сотта Мирамгүлді өлтіру туралы да айтты. Оның сөзінше, қылмыс болған кезде үйде балалар мен әйелі Ақбаян болған.

Айыпталушы қыздың ата-анасы өлтірілгеннен кейін Мирамгүлді Жангелдин ауылынан алып келгенін, оның Ақбаянға көмектесіп, қасында жүруін қалағанын айтты. Алайда араларында жанжал туындаған.

— Ол менің намысыма тиетін сөздер айтты. Психологиялық мәселелерінің әсерінен анасының сөздерін бойына сіңіріп алған. Бұрын анасы айтқан сөздерді қайталай берді, — деді Сәрсемалиев.

Оның айтуынша, осы жанжалдан кейін өзін ұстай алмай қалған.

— Алдымен қолтық тұсына, кейін бетіне ұрдым. Аузын жапқым келді де, пышақпен бет тұсына соққылай бердім. Ол тіпті айқайлаған да жоқ. Өкінген жоқпын. Үш адамды өлтіргеннен кейін бәрібір болып кетеді екен, — деді ол сотта.

Іс материалдарына сәйкес, Мирамгүл Максот Қарабалин мен Насип Мұқанғалиеваны өлтіру үшін қолданылған сол пышақпен өлтірілген. Кейін Сәрсемалиевтің айтуынша, ол Мирамгүлдің денесін Наурыз Мұқанғалиевтің денесі жасырылған жерге апарып, шұңқырға бетімен төмен қаратып көміп тастаған.

Бұған дейін сотта айыпталушының жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның алғашқы жауабынан түсірілген бейнежазба көрсетілген болатын. Әйел сол кезде не болғанын түсінбегенін айтқан.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың соңында Жангелдин ауылында орын алған. Сол кезде Ақбаянның ата-анасы, ағасы және қарындасы із-түзсіз жоғалып кеткен. Қылмысты жасыру үшін Сәрсемалиев көршілеріне олардың емделуге кеткенін айтып, туыстарына бірнеше ай бойы қаза тапқан қайын інісі Наурыздың атынан мессенджерлер арқылы хабарламалар жіберіп отырған.

Шындық 2026 жылдың 6 қаңтарында ашылды. Сол күні егде жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіттері өз үйлерінің сарайынан көмілген күйде табылған. Негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемалиев қашып кетіп, халықаралық іздеуге жарияланған.

Ақпан айының соңында ол Индонезияның Бали аралында жұбайымен бірге ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған. Кейінгі жауаптарында Сәрсемалиев туыстарын өлтіргенін мойындап, әйелінің ағасы мен қарындасының денелері жасырылған жерді көрсеткен.

Сот процесі жалғасуда.

Барлық жаңалықтар