Әлия Әшім есімді блогер құдаға құйрық-бауыр жегізу Әзірет Әли келін түсіргенде жасалған салт екен деп айды аспанға шығарды. Қазір қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығарып, бәрін орта ғасырдағы мұсылман халифатына таңудың артында сәләфилер тұр деген жаңсақ пікір басым. Осы рас па?!
Бұл сұрақты жауабын төмендегі мәліметтен табамыз.
Әлия Әшім әлгі видеоны «Сандық» деп аталатын мейрамханада жасады. Бұл бір жағынан ақысы төленген «Сандықтың» жарнамасы тұғын. «Сандық» бизнесінің негізгі қожайыны Шымкенттің замәкімі Руслан Берденов.
Көктемде әкімдіктің қақ алдында замәкім Р.Берденовке «Шымкент Тұрғын-үй» ЖШС-нің директоры Е.Жиембай үш мәрте оқ атқан. Өлім аузынан қалып, ауруханада жатқанда оған моралдық қолдау білдіргендердің қатарында Қайрат Жолдыбай, Марғұлан Сейсембаев сияқты жанашырлары болды. Бұлардың үшеуі де бес уақ намазын қаза қылмайтынын айтып жүр. Былайғы жұрт оларды гүленші сопылардың қатарына қосады... Сондықтан «Сандықтың» жарнамасын жасаймын деп аузынан «авария» болған Әлия Әшімнің артында сәләфилер тұр деген пікір негізсіз.
Дегенмен, қандай діни ағым болмасын (шиғалардан басқасы) Мұхаммед пайғамбар мен одан кейінгі төрт халифті авторитет санайды. Қазақта атам заманнан бар жақсы салт-дәстүрді бүгінгі дінкештер сол халифтерге апарып телігісі келеді.
Ақиқатында, Әлияның құдандалық-құдалық мәселесін Әлиге апарып тіреу оңаза ойға жетелейді. Әли мен Мұхаммед ағайынды кісілердің ұлдары, яғни, Әли Мұхаммедтің інісі. Әлидің әйелі – Фатима. Ол - Мұхаммедтің қызы...
Ал қазақта бір рулы елдің жігіті мен қызы үйленбеген. Содан сақтандыру үшін балаларына 7 атасын жатқа білуді міндеттеген. Арабтарда мұндай тыйымның бірі де жоқ.
Сондықтан, ағасының қызын қатындыққа алған Әли құдалық жөнінде, құйрық-бауыр жегізу жөнінде дым білген жоқ. Тапсырмасын мүлтіксіз орындаған блогер Әлия Әшім «Сандықтың» жарнамасы қызық болсын деп Әли мен оның "құдасына" құйрық-бауыр асата салған ғой.
Ораз ӘЛІМБЕК, журналист.