Елімізде азық-түлік өндірісінің көлемі 3,6 триллион теңгеге жетіп, 13 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі де өсіп, саладағы өндірістік белсенділік күшейген, деп жазады Democrat.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, елдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 8,9 триллион теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 6,4 пайызға, мал шаруашылығы 3,2 пайызға өскен. Қазақстанда шамамен 270 мың ауыл шаруашылығы өндірушісі жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау алатын шаруашылықтардың басым бөлігі шағын және орта кәсіпорындарға тиесілі.
Фермерлерді қаржыландыруға арналған жеңілдетілген несие көлемі де ұлғайған. Салаға бөлінген мұндай қаржы көлемі 1,2 триллион теңгеге жеткен. Тыңайтқыштарды пайдалану көрсеткіші де артып, отандық өндіріс көлемі 936 мың тоннаны құраған. Бұл ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға бағытталған шаралардың бірі саналады.
Жекелеген өнім түрлері бойынша да өсім байқалған. Өсімдік майын өндіру 24,1 пайызға, ұн өндірісі 10,8 пайызға, кондитерлік өнімдер өндірісі 7,1 пайызға артқан. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да өсіп келеді. Мұндай көрсеткіштер елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және отандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік береді.