Балалар қауіпсіздігіне арналған заң жобасын әзірлеуге жасанды интеллект қатысты

Балалар қауіпсіздігіне арналған заң жобасын әзірлеуге жасанды интеллект қатысты

Қазақстанда балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігіне арналған заң жобасы жасанды интеллект көмегімен әзірленді. AI-Quryltai платформасы заңнамалық ұсыныстарды талдап, құжатты дайындауға қатысқанымен, соңғы шешімдерді депутаттар мен заңгерлер қабылдайды, деп жазады Democrat.kz.

Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева мәлімдегендей, жаңа заң жобасын әзірлеу кезінде AI-Quryltai платформасы қолданылған. Жүйе балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне қатысты азаматтардың өтініштерін, ата-аналардың пікірлерін, сарапшылар ұсыныстарын және халықаралық тәжірибені талдаған. Платформада 800 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актіні қамтитын арнайы құқықтық модель пайдаланылған.

Ұсынылып отырған өзгерістер цифрлық өнімдерге, мобильді қосымшалар мен ойындарға қойылатын талаптарды күшейтуді көздейді. Атап айтқанда, балаларға арналған цифрлық өнімдер арнайы белгіленіп, қауіпсіздік тексеруінен өтуі керек. Белгіленбеген немесе тексерілмеген өнімдерге балалардың қолжетімділігін шектеу тетіктері қарастырылған. 

Сонымен қатар ата-ана бақылауының мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылған.

Заң жобасын әзірлеу барысында 120-дан астам түзету дайындалған. Депутаттар жасанды интеллект ұсынған материалдарды заңгерлермен және ақпараттық қауіпсіздік мамандарымен бірге қайта қарап шыққан. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект заң шығарушылардың орнын алмастырмайды, тек үлкен көлемдегі ақпаратты жүйелеуге және құқықтық қайшылықтарды анықтауға көмектеседі. 

Барлық жаңалықтар