Қазақстанда мектеп психологтерінің еңбекақысы мен сынып жетекшілеріне төленетін қосымша ақы мәселесі қайтадан талқылана бастады. Білікті ұстаз Сұлтан Сүлеев әлеуметтік педагогтердің назардан тыс қалып отырғанын, ал сынып жетекшілерінің еңбегі мардымсыз бағаланатынын айтып, Оқу-ағарту министрлігінің бастамаларына қатысты сауал көтерді. Оның жазбасы әлеуметтік желіде пікірталас туғызды. Мұғалімдер мен өзге білім саласы қызметкерлері әр мамандықтың жұмыс жүктемесі мен еңбекақысына қатысты өз уәждерін ортаға салды, деп жазады Democrat.kz.
Білікті ұстаз Сұлтан Сүлеев Facebook парақшасында мектеп психологтері, әлеуметтік педагогтер және сынып жетекшілерінің еңбекақысына қатысты өткір жазба жариялады.
Ол Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Құрылтайдағы мәлімдемесіне тоқталып, білім беру ұйымдарындағы мамандардың жалақысы мен жұмыс жүктемесі арасындағы айырмашылықты сөз етті.
Ұстаздың айтуынша, психологтерге қосымша сабақ беру арқылы табысын арттыру мүмкіндігі қарастырылып жатқанда, әлеуметтік педагогтердің жағдайы назардан тыс қалған.
«Ал әлеуметтік педагог? Мәселе шешілген жоқ»
Сұлтан Сүлеев жазбасын мектептегі әлеуметтік педагогтердің жағдайынан бастаған.
«Мектепте психологтан басқа әлеуметтік педагог деген лауазым бар. Жалақыларының аздығы туралы елдің бәрі біледі. Айтылып келе жатқанына төрт-бес жыл болды. Әлі сол,117 мың теңгемен отыр. Ал жұмысы ұшан-теңіз.
Кеше министр құрылтайда сөйлеген сөзінде психологтардың жалақы мәселесін шештік, оларға 60 мыңдай айлық болатын жұмыс таптық деді. Алпыс мыңға жаңа сабақ өту арқылы қол жеткізуге болады. Өмір қауіпсіздігі деп аталады. Қосымша жұмысты атқарумен айлығын көбейтті. Мейлі ,сабақтың үстінде де өзінің психологтық жұмыстарын өткізуге болады.
Ал әлеуметтік педагог? Мәселе шешілген жоқ», – деп жазған ұстаз.
Бұл жерде Сұлтан Сүлеевтің көтеріп отырған мәселесі — еңбекақыны арттыру тәсілі.
Дегенмен ұстаздың сауалы анық: бір маманның табысын арттыру мәселесі қарастырылғанда, соған жақын салада еңбек ететін екінші маман неге назардан тыс қалуы керек?
«14 баламен бір ай бойы алысып, қолына тиетіні — 4256 теңге»
Сұлтан Сүлеев сынып жетекшілерінің еңбекақысына да ерекше тоқталған.
«Класс жетекшілер туралы да әңгіме болды. 14 баламен бір ай бойы алысып қолына тиетіні 4256 теңге. Класс жетекшілердің жалақысын 2029 жылға сырғытып қойды. Сол кезде мүмкін (мүмкін?) осы 4256 теңгеге отыз процент қосылатын шығар? Тағы 1276 теңге қосылады.Сонда 5532 теңге болады. Қалай ә?» – деп жазған ол.
Ұстаз сынып жетекшісінің жауапкершілігі мен төленетін қосымша ақының арасындағы алшақтыққа назар аударған.
«Тәрбие сағатын жеке сағат ретінде санаса...»
Ұстаз мәселені шешудің өз нұсқасын да ұсынған.
«Министрлік кл. жетекшінің апта сайын өтетін тәрбие сағатын жеке сағат ретінде санаса да бірдеңе істеу керек. Бір сағатқа он мыңнан аса болар еді. Оған қазір алып жүрген 4256 теңгесін қосса . 15 мыңнан асады. 2029 жылға шейін күтуге болады.
Бұл қазір орындала ма, білмеймін», – деп жазды Сұлтан Сүлеев.
Оның ұсынысы бойынша, сынып жетекшісінің аптасына өткізетін тәрбие сағатын бөлек оқу жүктемесі ретінде есептеу қосымша табысын арттыруға мүмкіндік беруі мүмкін.
«Сынып жетекшілігіне бөлек штат ашылуға тиіс»
Сұлтан Сүлеевтің жазбасы астындағы пікірлерде сынып жетекшілігін жеке қызметке айналдыру ұсынысы айтылды.
«Сынып жетекшіге бөлек штат ашылуы тиіс. Сыныппен Бала тәрбиесі мен тәрбиесімен құжаттарымен, ата-анасымен білімі тәртібі жөнінде тығыз байланыста болуы, түрлі іс-шараларға дайындау,қатыстыру дың өзі үлкен жұмыс. 25-30 оқушының тәрбие ,әлеуметтік Құжаттарын дайындап отыру ол бөлек әңгіме», – деп жазған оқырман.
Бұл пікірде сынып жетекшісінің жұмысы тек тәрбие сағатын өткізумен шектелмейтіні айтылған.
Шынында да, сынып жетекшісі оқушылармен, ата-аналармен, мектеп әкімшілігімен тұрақты байланыста болады. Тәрбиелік іс-шараларға қатысу, құжат әзірлеу және балалардың оқуына қатысты ұйымдастыру жұмыстары да осы міндеттің аясында атқарылады.
Пікір білдірушілердің бірі сынып жетекшілігіне төленетін ақыны ең төменгі жалақы мөлшеріне теңестіруді ұсынған.
Бұл әзірге әлеуметтік желідегі ұсыныс қана.
«Психологтар да оңай жұмыс істеп жүрген жоқ»
Талқылауда мектеп психологтарының жұмысына қатысты қарама-қарсы пікірлер пайда болды.
Бір оқырман олардың күнделікті қызметінің тиімділігіне күмән келтірген.
«Психологтардың жұмыс істеп шаршап жүргенін көргенім жоқ.Қағаздарын ата-ана мен мұғалімге( сын жетекшіге )толтыртып алып регистрге салып қою жұмысы.Сосын қоюлатып тұрып шәй ішеді...одан басқа жұмыс атқарып жатқанын көрмедім», – деп жазған ол.
Алайда бұл пікірге қарсы шыққандар да бар.
«Психологтардың жұмысы ұлан асар. Бірақ сол өздерінің жұмысын атқарып жүргендер өте аз», – деген пікір жарияланған.
Тағы бір оқырман психологтердің де құжат жұмысы мен өзге міндеттері көп екенін атап өткен.
«Әлеуметтік педагогтің де, кітапханашының да жағдайы бар»
Пікірлер арасында Сұлтан Сүлеев көтерген мәселені кеңірек қарастыруды ұсынғандар да болды.
Мектеп психологтарының магистр дәрежесі үшін үстемеақы алуына қатысты сауал көтерілген.
«Мектепте педагог-психологқа магистр білімі үшін үстемақы төленбей отыр. Ал мұғалімдерге төленеді. Айлығы төмен педагог-психологқа неге төленбейтінін түсініксіз», – деп жазған оқырман.
Ал өзге пікірлерде мектеп кітапханашыларының жағдайы назардан тыс қалғаны айтылған.
«Мектеп кітапханашылары қазіргі таңда білім беру ұйымдарының кітапханашыларына да жатпайды, мәдениет кітапханашыларына жатпайды, мектептің техникалық қызметкерлері қатарында қалып қойды. Бірақ жұмысты талап етеді. Жалақысы айтпаса да мардымсыз», – деген пікір білдірілген.
Тағы бір оқырман кітапханашылардың білім беру жобалары мен түрлі ұйымдастыру жұмыстарына қатысатынын айтып, олардың еңбекақысы да қайта қаралуға тиіс екенін жеткізген.
«15 бала ма, 14 бала ма — бәрібір сол жұмыс»
Сынып жетекшілігі үшін қосымша ақы төлеу мәселесінде оқушы саны да талқыланды.
«Иә, дұрыс айтасыз. 15 бала не 14 бала не бәрібір сол жұмыс, алатын айлығыңа қағаз да ала алмайсың ғой, шіркін...», – деп жазған желі қолданушысы.
Тағы бір пікірде сынып сағатын өткізу үшін бөлінетін уақыттың өзі жеткіліксіз екені айтылған.
«Сынып сағаттарға кураторлар қою керек. Ал, мұғалімдер пәнін өте берсін», – деген ұсыныс та жарияланды.
Бұл пікірлер сынып жетекшілігін пән мұғалімінің қосымша міндеті ретінде қалдыру немесе оны жеке қызметке айналдыру мәселесінің педагогтер арасында талқыланып жатқанын көрсетеді.
Жалақыны көтеру үшін міндетті түрде қосымша жұмыс істеу керек пе?
Сұлтан Сүлеевтің жазбасындағы басты қайшылық — мамандардың табысын арттыру жолына қатысты.
Ұстаздың жеткізуінше, психологтердің жалақысын көбейту мәселесі оларға қосымша сабақ беру арқылы шешілмек.
Ал әлеуметтік педагогтердің еңбекақысы әлі күнге дейін жеткілікті назар аударылмаған мәселе ретінде көтеріліп отыр.
Сынып жетекшілерінің жағдайы да осыған ұқсас: олардың қосымша міндеттерінің көлемі мен сол еңбек үшін төленетін ақының сәйкестігі сұрақ туғызады.
Бірақ мамандардың табысын арттыру міндетті түрде жаңа жүктеме қосу арқылы жүзеге асырылуы керек пе?
Әлде олардың қазіргі атқарып жүрген жұмысының өзі әділ бағалануға тиіс пе?
Бұл — Сұлтан Сүлеевтің жазбасынан туындайтын негізгі сауал.