Балқаш пен Ақтоғайда жаңа мыс балқыту зауыттары салынуы мүмкін

Балқаш пен Ақтоғайда жаңа мыс балқыту зауыттары салынуы мүмкін

Қазақстан мыс өндіру көлемін екі есеге арттырып, 2030 жылға қарай екі жаңа мыс балқыту зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобалар Балқаш пен Ақтоғайда жүзеге асырылып, әр кәсіпорын жылына 300 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы болады, деп жазады Democrat.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Қазақстан жыл сайын шамамен 3,4 миллион тонна мыс концентратын өндіреді. Алайда оның 59 пайызы ғана ел ішінде өңделеді. Қалған бөлігін терең өңдеу мүмкіндігін арттыру үшін өндірістік қуаттарды кеңейту және саланы реттейтін заңнаманы жетілдіру көзделіп отыр.

Жаңа зауыттармен қатар Көксай және Айдарлы жобалары да мыс концентратын өндіру көлемін арттыруға бағытталған. Министрліктің болжамы бойынша, аталған бастамалар концентрат өндірісін 50 пайызға көбейтуге және дайын мыс өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге дайын мыс өнімдерін өндіруді екі еседен астам арттырып, жылына 40 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.

Мыс электр энергетикасы, құрылыс, көлік және электроника өндірісінде кеңінен қолданылады. Сондықтан оны ел ішінде өңдеу қосылған құны жоғары өнім шығаруға және шикізат экспортынан түсетін табысты арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жобалар Қазақстанның металлургия саласындағы өндірістік тізбегін кеңейтуге бағытталған. 

Барлық жаңалықтар