Алматы облысының әкімі «Бағанашыл» балалар үйін не үшін Қонаевқа көшірмек болады? Оның орнына сауда ойын-сауық орталығы салына ма?
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің журналистермен кездесу өткізгеніне бір апта бола қойған жоқ. Кейбір журналистер «Сұлтанғазиев барлық сұраққа ашық жауап берді, жоспарымен бөлісті...» деп мақтады.
Әрине, әкім қордаланып жатқан өзекті проблеманы айтатын журналисті жиынға шақырмайды ғой. Міне, бүгін «ескі жараның беті ашылды», әкім Алатау бөктеріндегі «Бағанашыл» балалар үйін қысы да, жазы да қатал Қонаев қаласына күштеп көшіремін» деп қоғамды шулатты.
Ақиқатында, М.Сұлтанғазиев бір жарым жыл бұрын Алматының тау жағындағы «Бағанашыл» балалар үйі орналасқан жерді сатуды, жетім баларлардың тағдырын тәлкекке салуды әлдеқашан кесіп-пішіп қойған.
Ол Қонаев қаласының әкіміне (бұрынғы) балалар үйін салатын жер бөлуді бір жарым жыл бұрын тапсырған. Бұдан басқа да қаланың коммуникациясына қатысты тұрғындарға тиімсіз келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлемек болды.
Бірақ қаланың ол әкімі күмәнді жобаға қол қоюдан бас тартыпты. Сондықтан М.Сұлтанғазиев Қонаевтың әкімін «айтқанына көнетін, айдауына жүретін» «өз адамына» ауыстырды. Қаланың жаңа әкімі балалар үйіне жер бөлді, құрылыс компаниясымен келісімшарт жасады.
Қонаевта құрқылтайдың ұясы секілді жатақхана типтес ғимыратты салған құрылыс компаниясы бодауына «Бағанашыл» балалар үйі тұрған жерді алатын болып келісілген. Әрине, Алматының тау жағындағы балалар үйі орналасқан жер телімі мен Қонаевта салынған жатаққана бағасы бойынша салыстыруға әсте келмейді. Бұл жерден жемқорлықтың иісі мүңкіп тұр. Оны құзырлы органдар тексере жатар.
Облыс әкімі мен Қонаев қаласының әкімі жасырып отырған құрылыс компаниясы, менің ойымша, RАМS секілді. Егер қателессем, тілім жазықты - құрылыс компаниясынан кешірім сұрауға дайын отырмын.
Дегенмен, Алматы қаласының бас жоспарында RАМS салатын сауда ойын-сауық орталығының (СОЦ) орыны ретінде дәл сол «Бағанашыл» балалар үйінің мекен жайы көрсетілген. Дәл осылай болса, онда «Бағанашыл» балалар үйін жер телімімен қоса RАМS-қа сатып жіберуге Алматы қаласы әкімдігінің де қатысы бар.
М.Сұлтанғазиевке ренжіген президент Қ.Тоқаев «Бағанашыл» балалар үйін Алматының балансына алуды Дархан Сатыбалдыға тапсырыпты. Бұл шешім дұрыс па? Әлде «қасқырға қой бақтырудың» кері келейін деп тұр ма?
Ораз ӘЛІМБЕК, журналист.