"Бала құқығы" деп жүріп жалқау ұрпақ өсіріп жатырмыз" деген Жәнібек Қожық дабыл қақты

"Бала құқығы" деп жүріп жалқау ұрпақ өсіріп жатырмыз" деген Жәнібек Қожық дабыл қақты
Танымал қоғам белсендісі, маңғыстаулық азамат Жәнібек Қожықұлы Оқу ағарту министріне маңызды ұсыныс жасады деп жазады Democrat.kz.
 
Өз ұсынысында Жәнбіек Қожықұлы елімізде жалқау ұрпақ өсіп келе жатқанын айтып, дабыл қақты. 
 
"Құрметті
Жұлдыз Досбергенқызы!
 
Мен бұл ұсынысымды сіздің алдыңызда қызмет атқарған Оқу-ағарту министріне де жасаған болатынмын.
 
Бірақ, өкінішке орай, бұл ұсынысты қолдамақ түгілі, хатыма жауап та болмады.
Сондықтан да сізге сенгендіктен, қайталап ұсынғанды жөн санадым.
 
Басты мақсатым — ұрпақтың тағдыры мен елдің болашағы.
Сіз бұл ұсынысты жан-жақты талқылап, жеті өлшеп, бір рет кеседі деп үміттенемін.
 
КЕШЕГІ ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІ
 
Біздің замандастарымызды мектепте оқып жүргенде ұстаздарымыз еңбекке баулитын.
Біз отырған партамызды сүртіп, сыныптың еденін де өз қолымызбен жуатынбыз.
 
Сенбі күндері көше тазалап, еңбек сабағында мектептің пешіне жағатын ағаш кесетінбіз.
Көшеден сүйек, қағаз жинаудан класс болып жарысатын едік.
 
Жоғарғы класқа келгенде совхоздың қойларын тоғытатынбыз, жексенбі күндері қора тазалауға шопандар ауылына кететінбіз.
Тоғызыншы сыныпты аяқтарда 1 ай ақылы еңбек ететінбіз.
 
Сенбі күндері ауылдағы жалғызбасты қариялардың үйіне көмектесетінбіз.
Олар алғысын айтып, ақ батасын беретін.
Ешбір бала еңбектен қашпайтын, жұмысты ойнап, күліп жүріп жасайтынбыз.
 
Сол жұмыс жасағаннан біздің құқымыз тапталып қалған емес.
 
Қайта еден жуып, көшеде мұз шауып, қар күреп жүрген аналардың еңбегінің қадірін біліп өстік.
Біз есейгесін барлық құрылыстарды өзіміз жасадық.
Қазіргідей шетелдің жалдамалы жұмысшысын жалдаған емеспіз, барлық ауылдар мен қалаларды өз қолымызбен тұрғыздық.
Еңбектен жамандық көрмедік.
 
ЕҢБЕК БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫН ТАПТАМАЙДЫ
 
Ал қазір “балалардың құқы” дегенді шығардыңдар.
“Балалар мектепті тазаламауы керек”, “балаларды көше тазалатуға шығармаңдар” деп заң шығарып қойдыңдар.
Бүгінгі жастардың көбі бір шегені түзу қағып, бір тасты дұрыс қалай алмайды.
 
Біздің елдің көп жұмысын шетелден келген өзбек, қарақалпақ, тәжіктер жасайды.
Шетелден келген жұмысшылар Қазақстаннан өз елдеріне жыл сайын миллиардтаған доллар алып кетеді.
 
ЖАПОН ЕЛІНЕН ҮЛГІ АЛСЫН
 
Әлемде білім мен ғылымы дамыған Жапон деген ел бар.
Салған үйлері 10 балдық жер сілкінсе де құламайды, әлемді жаңа техникасымен жаулап алды.
 
Сол Жапонияда бастауыш сыныптың балалары өз отырған сыныбын өздері тазалап, ас ішкен ыдыс-аяқтарын өзі жуып кетеді екен.
 
Футболдан Қатар елінде өткен әлем чемпионатында стадионға келген жапон жанкүйерлері өздері отырған орындарын өздері тазалап кетті.
Мәдениеттіміз деп жүрген еуропалықтардың өздері таң қалды.
 
Себебі жапондар тазалықты бала күнінен бойына еңбек арқылы сіңірген.
Еңбек еткеннен жапон балаларының құқы тапталып қалған емес.
 
Біз балаларымызды жалқаулыққа тәрбиелеп жүрміз.
Ал ауылдың балалары үйінде бірдеңе жасар, қала балалары сонда не істейді?!
Адамды адам еткен — еңбек емес пе?!
 
БАЛА ЕҢБЕК АДАМЫН ҚҰРМЕТТЕЙТІН БОЛСЫН
 
Алпыстағы әже мектепте еден жуып, 62-дегі ата көшеде сенің тастаған қоқысыңды теріп тазалап жүр.
“Ол — сенің атаң, ол — сенің әжең, еңбегін бағала” деп өсіруіміз қажет.
 
Бала сол еңбекті өз қолымен жасаса, ештеңесі кетпейді.
Қайта адал еңбектің, маңдай тердің қадірін білетін болады.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген…
Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы!
Сізден сұрайтынымыз — балаларды бұрынғы еңбекке тәрбиелеу дәстүрін қайта әкеліңіз.
 
Біз оқушыларды: “мынау — сенің мектебің, анау — сенің туған ауылың мен қалаң, Қазақстан — өз Отаның” деп үйретуіміз керек.
Сонда ғана ел боламыз!" деп жазды Жәнібек Сүйеуұлы Қожық.
Барлық жаңалықтар