Қазақстандық ата-аналар eGov Mobile қосымшасында балаларына Ұлттық қордан аударылған жинақтардың көрінбей қалғанын айтып, әлеуметтік желілерде дабыл қақты. Кейбір азаматтар балаларының есепшотындағы қаражат нөлге айналғанын мәлімдеді. Жағдайға «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы түсініктеме берді, деп жазады Democrat.kz.
18 қазанда Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысты ақпарат әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.
Бірқатар ата-ана eGov Mobile қосымшасынан балаларына аударылған жинақтар туралы мәлімет жоғалып кеткенін хабарлады.
Азаматтардың бірі Threads әлеуметтік желісінде баласының есепшотында бұрын көрсетіліп тұрған қаражат енді көрінбейтінін жазған.
Жазбаның астында басқа пайдаланушылар да пікір қалдырған.
Олардың кейбірі осындай мәселеге тап болғанын растаған. Ал басқа ата-аналарда жинақ туралы мәлімет әдеттегідей көрсетілген.
Бұл жағдай балалардың ақшасы шынымен жоғалып кетті ме деген сұрақ туғызды.
Алайда «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді.
Компанияның түсіндіруінше, eGov Mobile қосымшасы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша жинақтар туралы мәліметтер де жүйеде сақталған.
Егер азамат қосымшадан қажетті ақпаратты көрмесе, «Цифрлық құжаттар» бөліміндегі «Отбасы» деректерін жаңарту ұсынылады.
Осы әрекеттен кейін балалардың жинақтары туралы ақпарат қайта көрсетілуі мүмкін.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы Қазақстандағы кәмелетке толмаған азаматтарға Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігін бөлуді көздейді.
Қаражат балалардың атына есептеліп, олар 18 жасқа толғаннан кейін заңда белгіленген мақсаттарға пайдалануға беріледі.
Бағдарлама бойынша жинақталған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға жұмсауға болады.
Азаматтар балалардың жинақтары туралы ақпаратты eGov қызметтерімен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының арнайы жүйесі арқылы да тексере алады.
Қазіргі жағдайда ақпараттың қосымшада көрінбеуі ақшаның есепшоттан шығарылғанын білдіретіні туралы ресми дерек жоқ.