Таяуда көпшіліктің таңданысын тудырған ерекше неке қиылды. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен әйел өзінен ондаған жас кіші жігітпен шаңырақ көтерген. Ең қызығы, бұл елде жас айырмашылығы орасан зор жұптар арасындағы жалғыз неке емес екен, деп жазады Democrat.kz.
Мексикада 96 жастағы әйел 18 жастағы жігітке тұрмысқа шыққан. Екеуінің жас айырмашылығы — 78 жыл.
Liter.kz басылымының Express.co.uk-ке сілтеме жасап хабарлауынша, ерекше неке Мексиканың оңтүстік-шығысындағы Юкатан түбегінде орналасқан Кинтана-Роо штатында тіркелген.
Үйлену рәсімі Отон П. Бланко муниципалитетінде өткен.
Бұл жұптың некесі Мексикадағы жас айырмашылығы ең үлкен ерлі-зайыптылардың бірі ретінде назар аудартқан.
Алайда жаңа отбасы туралы мәлімет өте аз. Әйелдің есімі жарияланбаған, ал жас жігіттің кім екені, олардың қалай танысқаны және некелесуге не себеп болғаны белгісіз.
Ерекше оқиға туралы ақпарат Мексиканың Ұлттық статистика және география институтының (INEGI) некелерді тіркеу жөніндегі EMAT статистикасы арқылы белгілі болған.
96 жастағы тағы бір әйел 19 жастағы жігітке тұрмысқа шыққан
Бір қызығы, 2025 жылы Мексикада жас айырмашылығы өте үлкен тағы бірнеше жұп заңды некеге отырған.
Солардың бірі Мичоакан штатындағы Морелия қаласында тіркелген.
Мұнда да қалыңдық 96 жаста болған. Ал күйеу жігіттің жасы небәрі 19-да.
Екеуінің жас айырмашылығы 77 жылды құраған.
Бұл неке жас айырмашылығы бойынша ерекше тіркелген оқиғалардың бірі ретінде көрсетілген.
90 жастағы қария 18 жастағы бойжеткенмен шаңырақ көтерді
Мексикадағы үшінші ерекше неке Тамаулипас штатындағы Ксикотенкатль муниципалитетінде тіркелген.
Бұл жолы жағдай керісінше болған: күйеу жігіт 90 жаста, ал қалыңдық 18 жаста.
Яғни жас айырмашылығы 72 жыл.
Осылайша, бір жылдың ішінде Мексиканың әртүрлі өңірлерінде жас айырмашылығы 70 жылдан асатын бірнеше неке тіркелген.
Дегенмен статистикалық мәліметтерде бұл жұптардың танысу тарихы, отбасыларының көзқарасы немесе некеден кейінгі өмірі туралы ақпарат көрсетілмеген.
96 жастағы әйел мен 18 жастағы жігіттің ерекше некесі де әзірге тек ресми тіркеу деректері арқылы белгілі болып отыр.