Әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқанова әлеуметтік желідегі оқырмандарына ерекше ықыласын білдіріп, соңғы уақытта өз өмірінде сезініп жүрген өзгерістерін бөлісті. Ол халықтың мейірімі мен қолдауы өзін қайтадан ерке баладай сезіндіргенін айтып, көпшілікке жүрекжарды алғысын жеткізді, деп жазады Democrat.kz.
Әнші, продюсер Мөлдір Мұқанова Instagram парақшасында өзін қолдап, жылы лебізін білдіріп жүрген оқырмандарына арнап әсерлі жазба жариялады.
Өнер иесі соңғы уақытта көпшіліктің ерекше ықыласына бөленіп жүргенін, адамдардың мейірімі мен қамқорлығы өзін бала күніндегідей сезіндіретінін жасырмады.
«Сәби Мөлдір, ерке Мөлдірді оятқан әрбір оқырманыма алғыс айтамын, рас сіздер еркелеткенде өзімді бөпе, сәби сезінемін» — деп жазды ол.
Мөлдір Мұқанова қайда барса да үлкендердің батасын алып, замандастарының құрметіне бөленіп жүргенін айтты.
«Білсеңіздер ғой, сіздерді қалай жақсы көретінімді. Қай жаққа барсам да үлкендер маңдайымнан сүйіп, арқамнан қағып еңсемді көтеріп жібереді. Қатарлас құрбыларым шайға шақырып, сыйлықтарын сыйлап кеуделеріне қысып құшақтап жатады. Кішілер де суретке түсіп, сыйлап, құрмет көрсетіп жатады», — деп бөлісті әнші.
Өнер иесі әсіресе әлеуметтік желідегі оқырмандарының қолдауын ерекше бағалайтынын жеткізді.
Оның айтуынша, көпшіліктің ақ тілегі мен батасы өзіне күш-қуат беріп, алға ұмтылдырып жүр.
«Инстаоқырмандарым, сіздер тіпті ерекшесіздер. Маған беріп отырған Баталарыңыз қабыл болсын. Жақсы тілектеріңіз мені керемет қанаттандырып жүр», — деді Мөлдір Мұқанова.
Әнші өзінің болмысын өзгертуге тырыспай, қандай болса, сол күйінде қабылдаған жандарға да ризашылығын білдірді.
«Абырой Алладан әрине. Мені осылай жаратты, осы бар болмысыммен қабылдағандарыңыз үшін, кең жүректеріңіз үшін рақмет айта бергім келеді», — деп жазды ол.
Жазбасының соңында Мөлдір Мұқанова болашаққа деген ниеті мен арманын да бөлісті.
Өнер иесі ана ретінде де, адам ретінде де еліне пайдасын тигізіп, қоғам үшін құнды істер атқарғысы келетінін жеткізді.
«Ана ретінде, адам ретінде еліме пайдам тисе, құнды қызмет жасасам деген ниетімді, Жаратушым қабыл ете гөр!» — деп түйіндеді әнші.
Осылайша, Мөлдір Мұқанова өзінің әр қадамына тілеулестік білдіріп, жылы сөзін аямаған жандарға алғыс айтып, олардың ықыласы өміріне ерекше қуаныш сыйлап жүргенін жеткізді.