Діни уағыздардың бала психикасына қалай әсер ететінін айтып түсіндірудің түкке қажеті жоқ. Ақылы бар кісі діни уағыз баланы қалай улайтынын айтқызбай білсе керек. Өзбек елі енді балаға діни уағыз айтқандарды қылмыстық жауапқа тартпақ деп жазады Democrat.kz.
Өзбекстанда уағыз айтып, көптің діни сауатын ашқысы келетін жандарға қатысты қатаң шектеулер енгізілді. Яғни арнайы білімі жоқ азаматтар балаларға діни наным-сенім бойынша сабақ берсе қылмыстық жазаға тартылады.
Депутаттардың айтуынша, соңғы кезде діни сауаты жоқ уағыздаушылар көбейіп кеткен. Сол себепті енді заңсыз уағыз айтып, дін үйреткісі келетіндерге 750 мың мен бір жарым миллион теңге көлемінде айыппұл салу көзделіп отыр. Одан бөлек қылмыстық кодекске сай 3 жыл түзету жұмыстарына тартылады немесе осы мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Өзбекстанда жасырын діни сауат ашу орындары көбейген. Онда негізінен кішкентай балалар оқытылады.
Жуырда сондай бірнеше "білім ошағы" әшкере болды. Әндіжан облысының тұрғыны өз үйінің жертөлесінде 20 баланы заңсыз оқытып, осы үшін ата-анасынан ақша алып отырған.
Ең сорақысы, буыны қатпаған баланы сабақ оқымағаны үшін соққының астына алатын жағдайлар да кездескен. Жергілікті дәрігерлер дабыл қаққан соң, мәселеге құқық қорғау органдары араласты.