Журналист Гүлмира Әбіқай өзіне арнайы видео жолдап, көмек сұраған келіншектің басындағы сұмдық жағдайды баяндап, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
Журналист өз парақшасында жариялаған видеода 7 баланың анасы шырылдап жағдайын айтып, жәрдем сұрап отыр.
"Қазір ғана балаларымды "детдомға" өткізіп келдім. Әкімдік, мектеп адамдары солай істеуіме мәжбүрледі.
Балаларымды бағамын деп күндіз де, түнде де жұмыс істеймін. Үй тазалап, ақша табамын. Мен кеткенде, үлкен қызым кішкентай балаларға қарап үйде қалады. Үйіміз бар, бірақ біраз суық"деп жылаған келіншек "үш жасар қызым мені құшақтамай, ұйықтай алмайды, балаларымның жайы не боп жатыр"деп көз жасына ерік берді.
Өз тарапынан журналист Гүлмира Әбіқай:
"Шолпанның жасы 33-те. 7 бала туып, өсіріп жатқан Батыр ана. Үй кезегінде көп балалы отбасы ретінде 5 жылдан бері тұрады. 7 балаға 135 мың тн. жәрдемақы алады. Өзі жұмыссыз.
Жағдайың жоқ, жағдайың жоқ деп әркім келіп ұрса бергенше жергілікті атқарушы орган сол жағдайын жасамай ма?
Сонда, терезең сынық, үйің көгерген деп 7 баланың бесеуін приютқа мәжбүрлеп өткізгенде Шолпанның жағдайы жақсарып кетті ме?
Байы қайда деп сұрапты көп адам. Бар, тірі, көрші ауылда ішіп жүр. 5 баланы әкеткенін білмейтін де шығар?! Баяғы қазақтың әйелі бәрін өзі тауып, өзі жасап, өзі асырап, еркек ессіз жүрген жағдай. Әкеге бала керексіз, ағайынға туған немерелер керексіз заман болды бұл.
Үнемі Шолпанды, балаларды ұрып-соғатын тиран еркек неге жазасыз қалуда? Балалардың биологиялық әкесі болғандықтан олардың тәрбиесіне, жайлы өміріне ол да жауапты!
Ана құқынан айырылмаған Шолпаннан 5 баланы неге айырды? Ертең медальдің 2-ші бетін аударамыз"деп жазды.