Балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау: әр балаға қанша жәрдемақы беріледі?

Балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау: әр балаға қанша жәрдемақы беріледі?

Елімізде баланың дүниеге келген сәтінен бастап оны тәрбиелеудің барлық кезеңінде отбасын сүйемелдейтін кешенді қолдау жүйесі қалыптастырылған. Бүгінде балалары бар отбасыларға арналған бес негізгі жәрдемақы түрі қарастырылған деп жазады Democrat.kz.

Бала дүниеге келген кезде біржолғы жәрдемақы төленеді:

бірінші, екінші және үшінші балаға – 164 350 теңге;

төртінші және одан кейінгі балаларға – 272 475 теңге.

Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем қарастырылған. Оның мөлшері әйелдің соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына қарай есептеледі. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша бұл төлемнің орташа көлемі 1,2 миллион теңгені құрады.

Сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жұмыс істейтін әйелдерге әлеуметтік төлем төленеді. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40% көлемінде белгіленеді. Мамыр айының басындағы дерек бойынша бұл төлемнің орташа мөлшері 86 062 теңгеге жетті.Ө

Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға да қолдау көрсетіледі. Олар ай сайын 81 871 теңге көлемінде жәрдемақы алады.

Көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді. Кіріс деңгейіне қарамастан, оларға ай сайынғы жәрдемақы төленеді:

төрт баласы бар отбасыларға – 69 330 теңге;

бес баласы бар отбасыларға – 86 673 теңге;

алты баласы бар отбасыларға – 104 017 теңге;

жеті және одан да көп баласы бар отбасыларға – 121 360 теңге.

Сонымен қатар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналарға қосымша мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жеке қолдау көрсетіледі:

жәрдемақы мөлшері ай сайын 81 871 теңгені құрайды.

Бүгінде тек көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақымен ел бойынша 630 мыңнан астам отбасы қамтылған, бұл аталған шараны халықты әлеуметтік қолдаудың ең ауқымды бағдарламаларының біріне айналдырады.

Дереккөз: Үкімет

Барлық жаңалықтар