Қазақстанда білім саласына жыл сайын қыруар қаржы жұмсалады. Соған қарамастан үш ауысыммен оқитын мектептер, орын тапшылығы, асхана, спорт зал, акт зал, әжетхана, тіпті оқушының киімі мен аяқкиімін қоятын қарапайым шкаф мәселесі әлі күнге дейін толық шешілген жоқ. Қазақстан кедей мемлекет емес. Ендеше мәселе неде? Таяуда ғана Democrat.kz. сайты қосымша аяқкиімнің дорбасын арқалаған оқушылар мен сынып кабинетінде орнатылмаған шкафтар туралы мақала жариялаған еді. Сол мақалаға қатысты мыңдаған ата-ана осы шкаф мәселесіне наразылық білдірді, деп жазады Democrat.kz.
Мәселені тереңірек қаузасақ, Қазақстанда білім саласына қаржы аз бөлінеді деу қиын. Үкіметтің ресми мәліметінше, жалпы білім беру саласына бөлінетін бюджет 2018 жылғы 1,9 трлн теңгеден 2022 жылы 4,5 трлн теңгеге дейін өскен. Яғни бес жылдың ішінде екі еседен астам артқан.
2024–2025 оқу жылының басында елде 8 мыңға жуық мектеп жұмыс істеп, оларда 3,9 миллионнан астам бала білім алды. Оның 352 мыңға жуығы – бірінші сынып оқушылары.
Сандарға қарасақ, мемлекет мектеп инфрақұрылымын дамытуға да айтарлықтай күш жұмсаған. 2019 жылдан бері 1200 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 1 миллионнан астам жаңа оқушы орны ашылған. Тек 2023–2024 жылдары 510 мың орынға арналған 422 мектеп салынған.
Осының нәтижесінде ондаған апатты және үш ауысымды мектептің мәселесі шешіліп, жүздеген мектептегі орын тапшылығы азайтылды.
Алайда бір қарағанда түсініксіз қайшылық бар: мектеп құрылысына миллиардтар мен триллиондар жұмсалғанымен, ата-аналар әлі күнге дейін «баланың сырт киімі мен ауыстыратын аяқкиімін қайда қоямыз?» деген қарапайым сұрақ қойып отыр.
Мектеп салынып жатыр, бірақ бала саны одан да жылдам өсіп келеді
Үш ауысымдық мектептердің сақталуына әсер етіп отырған негізгі факторлардың бірі – демография мен ішкі көші-қон.
Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалалардың шеткері аудандарында, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстары тәрізді халық саны жылдам өсіп жатқан өңірлерде жаңа мектеп ашылғанымен, арада бірнеше жыл өткенде оның өзі оқушыға лық толып қалады.
Яғни мемлекет кей жағдайда бүгінгі қажеттілікке мектеп салып үлгереді, бірақ ертеңгі бала санын дәл болжай алмайды.
Демек, мәселені тек «мектеп аз салынып жатыр» деп түсіндіру жеткіліксіз. Түйткіл – құрылыстың демографиялық өсімге ілесе алмауында ғана емес, мектепті жоспарлаудағы сапада да.
Асхана, спорт зал, акт зал – сән-салтанат емес
Мектептегі мәселе тек оқушы орнының тапшылығымен шектелмейді.
Бір мектепте асхана тар. Екіншісінде спорт залы жетіспейді. Үшіншісінде акт залы жоқ. Кейбір білім ошақтарының санитарлық жағдайына қатысты ата-аналардың шағымдары жиі айтылады.
Ал осы үлкен проблемалардың көлеңкесінде ұсақ көрінетін, бірақ күн сайын миллиондаған балаға әсер ететін тағы бір мәселе қалып отыр.
Ол – оқушының жеке заттарын сақтайтын орынның жоқтығы.
Бастауыш сынып оқушысы мектепке тек дәптер мен кітап алып бармайды. Дене шынықтыру болатын күні оған спорт киімін, спорттық аяқкиімін қоса салуға тура келеді. Жауын-шашынды, лайсаң күндері мектеп әкімшілігі еденді ластамау үшін ауыстыратын аяқкиім әкелуді талап етуі мүмкін.
Сонда он жасар бала бір күнде бірнеше келі жүк арқалап жүреді.
Мәселе дәл осы жерде басталады.
Балабақшадағы балаға шкаф бар, мектеп оқушысына неге жоқ?
Ең қызығы – қолданыстағы санитариялық талаптардың өзінде кейбір білім беру нысандары үшін шкаф мәселесі арнайы жазылған.
Мәселен, балабақшалардағы киім шешетін бөлмелер сыртқы киімге арналған шкафтармен жабдықталуы тиіс. Балалардың шкафтары жеке таңбаланып, бас киімге арналған сөре мен сыртқы киім ілетін ілгек қарастырылады.
Сол сияқты мектептердің спорт залдары жанындағы киім ауыстыратын орындарға да киімге арналған шкаф немесе ілгіш пен орындық орнату талап етіледі.
Ал кәдімгі жалпы білім беретін мектептің әр оқушысына жеке шкаф немесе аяқкиім қоятын ұяшық болуы міндетті деген нақты талап қазіргі санитариялық қағидада айқын жазылмаған. Міне, мәселенің түбірі осы жерде болуы мүмкін. Өйткені заңда міндетті норма жоқ болса, мектеп әкімшілігі де: «Бюджетте қарастырылмаған», «Жобада жоқ», «Орын жоқ», «Шкаф сатып алу міндетімізге кірмейді» деп жауап бере алады. Ал ата-ана үшін оның нәтижесі өте қарапайым: бала күні бойы барлық затын арқалап жүреді.
Бұл жерде ерекше бір тарихи жайт та бар. Бұрынғы санитариялық талаптардың бірінде мектеп оқушыларының киім ілетін орны бірінші қабатта орналасып, әр сыныпқа арналған киім ілгіштермен және аяқкиімге арналған ұяшықтармен жабдықталуы керек деп нақты көрсетілген.
Яғни мұндай талап Қазақстан үшін мүлде бөтен дүние емес. Керісінше, бір кезеңде аяқкиім сақтайтын арнайы орын санитариялық талаптың өзінде болған.
Сонда заңды сұрақ туады: неге бүгінгі мектеп стандартында мұндай қарапайым норма барлық мектепке бірдей міндеттелмейді?
Шкаф – интерьер емес, баланың күнделікті жүктемесін азайтатын құрал
Кей адам: «Бұрын біз де сөмке көтердік, ештеңе болған жоқ», деуі мүмкін. Бірақ мұндай уәж мәселенің мәнін ашпайды.
Бастауыш сынып оқушысының сөмкесінде оқулық, жұмыс дәптері, пенал, су, тамақ, дене шынықтыру киімі, ауыстыратын аяқкиім болуы ықтимал.
Егер мектепте жеке шкаф немесе қауіпсіз сақтау ұяшығы болса, бала күн сайын бәрін үйден тасып әкелуге мәжбүр болмайды. Мысалы, белгілі бір оқулықтарды, сурет пен еңбекке арналған құралдарды, ауыстыратын аяқкиімді немесе спорттық заттардың бір бөлігін мектепте қалдыруға болар еді. Бұл тек жайлылық емес. Бұл – баланың күнделікті мектеп өмірін дұрыс ұйымдастыру.
Өйткені мектептің міндеті баланы тек оқыту емес, оған қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру болуы тиіс.
«Еден былғанбасын» деген талаптың салмағын бала неге көтеруі керек?
Бұл жерде тағы бір қисынсыздық бар. Көптеген мектеп жауын-шашынды күндері балалардан ауыстыратын аяқкиім алып келуді талап етеді. Түсінікті. Мектептің едені таза болуы керек.
Бірақ егер мектеп ауыстыратын аяқкиімді талап етсе, сол аяқкиімді сақтайтын орынды неге өзі қамтамасыз етпейді? Бала таңертең мектепке келгенде сырттағы аяқкиімін шешті делік. Оны қайда қояды? Пакетке салып сөмкесіне сала ма?Сынып бұрышына тастай ма? Дәлізге қалдыра ма? Әлде күні бойы өзімен бірге көтеріп жүре ме?
Міне, осы сұрақтың өзі жүйедегі қисынсыздықты көрсетіп тұр.Талап бар, бірақ сол талапты орындауға қажетті инфрақұрылым жоқ. Мектеп тазалығының мәселесі он жасар баланың арқасына жүк болып түспеуі керек.
Шкафқа ақша қайдан бөлінуге тиіс?
Мәселенің тағы бір маңызды жағы – қаржыландыру. Мемлекеттік мектептердің негізгі шығындары жергілікті бюджет арқылы қаржыландырылады. Мектеп ғимаратын жөндеу, жиһаз алу, материалдық-техникалық базаны жаңарту да осы жүйе арқылы іске асады.
Демек, шкаф сатып алу қандай да бір фантастикалық жаңа бағдарлама талап ететін мәселе емес. Ол кәдімгі мектеп жиһазының бір бөлігі ретінде қарастырылуы мүмкін. Мәселе – оның міндетті стандартқа енгізілмеуінде.
Егер мемлекет: «әр бастауыш сыныпта немесе әр қабатта оқушылардың сырт киімі, ауыстыратын аяқкиімі мен жеке заттарын сақтауға жеткілікті жабық шкаф немесе ұяшық болуы тиіс» деген нақты норматив енгізсе, мектептер оны бюджет жоспарында ескеруге мәжбүр болар еді.
Ал міндетті талап жоқ жерде мұндай мәселе үнемі кейінге қала береді.
Өйткені директор үшін алдымен шатыр жөндеу, жылу құбырын ауыстыру, терезе жөндеу, компьютер алу маңызды болуы мүмкін.
Сөйтіп шкаф тағы да «кейін қарайтын» дүниеге айналады.
«Жайлы мектеп» жобасы ескі мектептердің жайсыздығын ашып берген жоқ па?
Қазір мемлекет жаңа мектептерді бұрынғыдан өзгеше стандартпен салуға көшті.
«Жайлы мектеп» жобасында кең дәліз, заманауи кабинеттер, спорт залдары, асхана, кітапхана, акт залы, демалыс және шығармашылық орындары қарастырылады.
Бір жағынан, бұл – дұрыс бағыт. Бірақ екінші жағынан, тағы бір сұрақ туындайды. Егер жаңа мектептердің «жайлылығы» ерекше артықшылық ретінде насихатталса, онда ондаған жыл бұрын салынған мыңдаған мектептегі балалардың жайлылығы ше? Жаңа салынатын мектепке бәрін орнатуға болады да, қолданыстағы мектепке шкаф қою неге қиын?
Ол үшін жаңа мектеп салудың қажеті жоқ.
Дәліздің бір бөлігін, рекреациялық аймақты немесе сыныпқа жақын қауіпсіз орынды тиімді пайдаланып, модульдік шкафтар немесе жеке локерлер орнатуға болады.
Яғни бұл – миллиардтаған теңге қажет ететін мегажоба емес.
Миллиард емес, дұрыс басымдық керек
Қазақстан білім саласының проблемасын көбіне алып сандар арқылы шешуге тырысады. Пәлен мектеп салынады. Түген миллиард теңге бөлінеді. Пәлен мың орын ашылады. Бірақ баланың мектептегі күнделікті өмірі тек осы статистикадан тұрмайды.
Балаға кейде жаңа цифрлық платформа емес, қарапайым ілгіш керек. Кейде қымбат интерактивті тақтадан бұрын киімін қоятын шкаф керек. Кейде тағы бір есеп беруден бұрын дәретхананың тазалығы керек.
Бұл тым қарабайыр талап сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мемлекеттің білімге деген көзқарасы дәл осындай «ұсақ» дүниеден байқалады.
Өйткені баланың мектепте өзін қаншалықты жайлы сезінетіні – білім сапасының да бір бөлігі.
Не істеуге болады?
Мәселені шешу үшін бүкіл ел бойынша тағы бір қымбат мемлекеттік бағдарлама бастаудың қажеті жоқ.
Біріншіден, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері жалпы білім беретін мектептердің санитариялық және жабдықтау талаптарын қайта қарап, оқушылардың сырт киімі, ауыстыратын аяқкиімі мен жеке заттарын сақтайтын орынға нақты стандарт енгізуі қажет.
Екіншіден, әр мектепке «бір оқушы – бір шкаф» принципін бірден міндеттеу мүмкін болмаса, ең кемі бастауыш сыныптарға, одан кейін кезең-кезеңімен барлық оқушыға арналған локер жүйесін енгізуге болады.
Үшіншіден, жаңа салынатын мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасында мұндай сақтау орындары автоматты түрде қарастырылуы тиіс.
Төртіншіден, ескі мектептердің материалдық базасын түгендеп, қай мектепте киім ілетін орын, аяқкиім қоятын ұяшық немесе шкаф жоқ екенін ашық жариялауға болады. Сонда ата-ана да өз мектебіндегі нақты жағдайды көрер еді.
Түйін
Қазақстанның білім саласындағы басты проблема кейде қаржының аздығында емес. Қаржының қайда, қандай басымдықпен жұмсалатынында.
Миллиардтаған теңгеге мектеп салып, оның ішінде баланың аяқкиімін қоятын орын қарастырмау – инфрақұрылымдық жоспарлаудағы қарапайым логиканың жоғалғанын көрсетеді.
Бала мектепке білім алуға барады. Ол күн сайын киімін, аяқкиімін, спорттық формасын, оқулығын арқалап, жүк тасушы болып жүруге тиіс емес.
Ал егер мектеп одан ауыстыратын аяқкиім әкелуді талап етсе, сол аяқкиімді сақтайтын орынды да қамтамасыз етуі керек.
Бәлкім, Қазақстан мектебіндегі үлкен реформаны кейде миллиардтық жобадан емес, бір баланың бір шкафынан бастау керек шығар.
Дайындаған - Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.