«Макияжбен күрескенше, сыныпқа шкаф қойыңдар»: Оқушылар неге күн сайын жүк тасуы керек?

«Макияжбен күрескенше, сыныпқа шкаф қойыңдар»: Оқушылар неге күн сайын жүк тасуы керек?

Қазақстан мектептерінде оқушы қыздың макияжы, шашы, киімі тағы да қызу талқыға түсті. Бірақ мектепке күн сайын бірнеше келі кітап арқалап баратын бастауыш сынып баласының сөмкесіне жаңбырлы күні тағы бір жұп аяқ киім, ал дене шынықтыру сабағы болатын күні спорт киімі мен спорт аяқ киімі қосылатыны көп айтыла бермейді. Кей мектепте мұның бәрін қалдырып кететін қарапайым жеке шкаф та жоқ. Сонда білім жүйесінің шын мәселесі баланың ерніндегі бояу ма, әлде арқасындағы жүк пе?

Жаңа оқу жылы басталысымен қазақстандық мектептердегі оқушылардың сыртқы келбетіне қатысты талаптар тағы көтерілді. Әсіресе қыз балалардың макияжбен сабаққа келуі әлеуметтік желіде қызу пікірталасқа ұласты, деп жазады Democrat.kz.

Алайда мұнда алдымен бір деректі нақтылап алған жөн.

Оқу-ағарту министрлігі Қазақстан бойынша барлық оқушы қызға макияж жасауға жеке нормативтік тыйым салған жоқ. Бірінші вице-министр Шынар Ақпарованың түсіндіруінше, міндетті мектеп формасына қатысты бұйрықта макияжға тікелей тыйым жоқ. Бірақ мектептер өздерінің ішкі тәртіп ережесінде мұндай шектеу белгілей алады.

Яғни әңгіме «Қазақстанда макияжға заңмен тыйым салынды» дегеннен күрделірек. Бірақ мәселе басқада.

Неліктен мектеп баланың сыртқы келбетіне соншалықты мұқият, ал оның күн сайын арқалап жүрген жүгіне келгенде дәл сондай талапшыл емес?

Кішкентай бала ма, көшіп бара жатқан адам ба?

Кәдімгі бастауыш сынып оқушысын көз алдыңызға елестетіңіз. Арқасында – оқулық пен дәптерге толы мектеп сөмкесі. Қолында немесе тағы бір дорбасында – ауыстыратын аяқ киімі. Дене шынықтыру сабағы болатын күні оған спорт киімі қосылады. Тағы бір спорттық аяқ киім. Су құтысы. Тамақ салынған ыдысы болуы мүмкін. Қыста сыртқы киімі тағы бар.

Осының бәрін 7–10 жастағы бала таңертең үйден мектепке, кешке мектептен үйіне өзі тасиды. Неге?

Өйткені кей мектепте бала өзінің затын қалдырып кететін қарапайым жеке шкаф жоқ.

Ал жауын-шашын басталған кезде кей білім ұйымдары мектеп ішін таза ұстау үшін ауыстыратын аяқ киім талап етеді. Мұндай талап жекелеген мектептердің ішкі тәртіп ережелерінде кездеседі. Мәселен, жарияланған мектеп ережелерінің бірінде оқушылардың ғимарат ішінде екінші аяқ киім ауыстыруы міндетті деп көрсетілген.

Талап қою оңай. Ал сол аяқ киімді қайда сақтау керек? Осы сұрақ әлдеқайда маңызды.

«Ауыстыратын аяқ киім әкел» деу бар, оны қоятын жер қарастыру жоқ

Егер мектеп:

– ауыстыратын аяқ киім әкел;

– спорт киімін әкел;

– спорт аяқ киімін бөлек әкел;

– барлық оқулықты әкел;

деп талап етсе, онда сол баланың затын қауіпсіз сақтайтын инфрақұрылымды да қамтамасыз етуі қисынды емес пе?

Баланы тәртіпке үйрету деген – оның арқасына бар жауапкершілікті артып қою емес.

Тіпті қолданыстағы санитариялық талаптар спорт залдарының жанындағы киім ауыстыратын бөлмелер киімге арналған шкафтармен немесе ілгіштермен және орындықтармен жабдықталуы тиіс екенін көрсетеді.

Демек мемлекет спорттық инфрақұрылымда мұндай қажеттілікті мойындап отыр.

Ал бастауыш сынып баласының күнделікті затын сақтауға арналған жеке шкаф неге барлық мектепте қалыпты стандартқа айналмайды?

Макияж баланың денсаулығына үлкен қауіп пе, әлде ауыр сөмке ме?

Осы тұста білім саласындағы басымдық мәселесі туындайды.

Қыз баланың қабағындағы бояуды мектеп әкімшілігі бірнеше метрден байқайды.

Шашын байқайды.

Тырнағын байқайды.

Белдемшесінің ұзындығын байқайды.

Бірақ сол қыздың немесе оның қасындағы 8 жастағы баланың иығына ілінген екі сөмкені кейде ешкім мәселе деп қабылдамайды.

Бір қызығы, ресми түсіндірмелерде макияжға қатысты шектеуді баланың денсаулығын қорғаумен де байланыстырады.

Онда денсаулық мәселесін толық қарайық.

Бастауыш сынып оқушысының күн сайын ауыр кітап, аяқ киім, спорттық киім арқалап жүруі ше?

Жаңбырлы күні лай болған аяқ киімін пакетке салып, күні бойы тасуы ше?

Киім ауыстыратын жердің тарлығы ше?

Мектептегі сақтау орнының жоқтығы ше?

Баланың денсаулығы шынымен бірінші орында болса, бақылауды айна алдынан емес, оның арқасындағы сөмкеден бастау керек шығар.

Мектеп – казарма емес

Әрине, мектепте тәртіп болуы керек.

Оқушы сабаққа жинақы келуі керек.

Мектеп ішінің таза болғаны да дұрыс.

Бірақ тәртіптің мақсаты – баланың өмірін қиындату емес, оқуына қолайлы жағдай жасау.

Біз кейде «тәртіп» деген ұғымды баланың сырт келбетін барынша бақылаумен шатастырып алатын сияқтымыз.

Ал шын мәнінде заманауи мектептің сапасын басқа нәрселер көрсетуі керек:

жылы дәретхана;

таза ауыз су;

ыңғайлы парта;

қауіпсіз спорт залы;

жақсы интернет;

жеткілікті мұғалім;

дұрыс желдетілетін кабинет;

баланың заттарын сақтайтын шкаф.

Осылар шешілмей тұрып оқушы қыздың ерніндегі бояуды білім саласындағы маңызды мәселе деңгейіне көтеру – басымдықты шатастыру.

Әр балаға кішкентай шкаф соншалықты қол жетпейтін нәрсе ме?

Әлемнің көптеген мектебінде оқушының жеке шкафы ерекше сән-салтанат емес.

Оқулықтың бір бөлігін сонда қалдырады.

Спорт киімін сақтайды.

Ауыстыратын аяқ киімін қояды.

Күн сайын үй мен мектеп арасында қажетсіз жүк тасымайды.

Бізде де мұндай мектептер бар.

Бірақ ол барлық балаға қолжетімді қалыпты жағдайға айналған жоқ.

Оқу-ағарту министрлігі биыл әлеуметтік осал отбасылардағы жүздеген мың баланы форма, аяқ киім және оқу құралдарымен қамтамасыз етуге шамамен 23 млрд теңге қарастырылғанын хабарлады. Бұл – қажетті қолдау.

Енді инфрақұрылымға да дәл осылай баланың көзімен қарау керек.

Мәселенің шешімі аса күрделі технология емес.

Қарапайым шкаф.

Бір баланың бір сөресі.

Бір жұп аяқ киім сиятын орын.

Сонда титтей бала дене шынықтыру болатын күні көшіп бара жатқан адамдай бірнеше дорба арқалап жүрмес еді.

Мектеп ең алдымен балаға ыңғайлы болуы керек

Оқушы мектеп үшін емес, мектеп оқушы үшін жұмыс істеуі тиіс.

Егер мектеп екінші аяқ киім талап етсе – сақтайтын жер берсін.

Спорт формасын талап етсе – шкаф қарастырсын.

Көп оқулық қажет болса – оның бәрін күн сайын тасудың баламасын іздесін.

Ал қыздардың макияжы туралы мәселені ата-анамен, баламен мәдениетті түрде шешуге болады.

Өйткені мектептің негізгі міндеті – баланың бетіне қарау емес, оның білім алуына жағдай жасау.

Сондықтан білім саласындағы келесі үлкен пікірталас:

«Оқушы қыз боянып келді ме?»

деген сұрақтың айналасында емес,

«Неге 8 жастағы бала мектепке күн сайын жарты үйін арқалап барады?»

деген сұрақтың айналасында жүргені әлдеқайда пайдалы болар еді.

Барлық жаңалықтар