"Қағазбастылық артты": "Жаңашыл министрдің жаңалықтары" ұстаздардың наразылығын тудырды

"Қағазбастылық артты": "Жаңашыл министрдің жаңалықтары" ұстаздардың наразылығын тудырды

Жаңа оқу жылы басталмай жатып мұғалімдер арасында тағы бір талап қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желіде тараған жазбада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушыға бірнеше дәптер жүргізу, БЖБ мен ТЖБ жұмыстарын да дәптерге орындату және жазба жұмыстарын тексерудің егжей-тегжейлі тәртібі көрсетілген. Мұғалімдер мұндай талап ұстаздың жұмысын жеңілдетудің орнына қағазбастылықты көбейтетінін айтып отыр, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желі қолданушысы Гүлжазира Бекболатқызы жаңа талаптарға қатысты наразылығын білдірді. Оның сөзінше, бір ғана пәннен оқушыға төрт дәптерге дейін жүргізуге тура келуі мүмкін.

«Қызықтың көкесі дәптер тексеруде тұр екен ғой. Қызыл пастамен тексеру, бір пәннен 4 дәптер қайтып келіпті ғой. БЖБ мен ТЖБ дәптерге алынады ма? Графикалық кестелерді, сәйкестендіру тапсырмаларын қалай орындаймыз? Маған А4 тиімді», – деп жазды ол.

Автор мектептің қағаз бен бояуды жеткілікті көлемде бермейтінін де мәселе етіп көтерген. Оның айтуынша, БЖБ мен ТЖБ материалдарын кей жағдайда мұғалімдер бірнеше нұсқада өздері дайындайды.

Желіде жарияланған нұсқаулықта қазақ тілі, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша 1–4 сынып оқушыларына кемінде екі жұмыс дәптері, ал кей жағдайда қосымша сөздік дәптері қарастырылғаны көрінеді. 5–11 сыныптарға да екі жұмыс дәптері мен сөздік дәптері көрсетілген.

Бұған қоса, жазба жұмыстарын тексеруге қатысты талаптар да мұғалімдердің сұрағын көбейткен. Нұсқаулықта қатені белгілеу, түзету, дәптерді тексеру жиілігі секілді мәселелер егжей-тегжейлі жазылған.

Пікір қалдырған ұстаздардың бірі:

«Дәптердің сыртын мынаған қарап қате жазамыз ба, “қазақ тілінен жұмыс дәптері” деп калькалап жазамыз ба, әлде “қазақ тілі пәніне арналған жұмыс дәптері” деп орнықты ойы аяқталған сөйлем құрамыз ба? Қос-қостан дәптер ұстап қайтеді?» – деп сұрайды.

Тағы бір желі қолданушысы бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ның алынбайтынын айтып, тараған ақпараттың қаншалықты дұрыс екеніне күмән келтірген.

Ал мұғалім Кәмилә Анарбай жаңа оқу жылындағы өзгерістерге қатысты:

«Биылғы жыл “тосынсыйға” толы етті. Ұстаздардың еңбегін оңтайландыру орнына түсінбейтін тұстары көбейген», – деп пікір білдірген.

«Қағаз бермейді, сатып аламыз»

Талқылаудағы ең маңызды мәселенің бірі – талаптың өзін орындауға кететін шығын.

«Бізге қағаз бермейді, сатып аламыз», – деп жазған мұғалімнің пікірі бұл мәселенің екінші қырын көрсетеді.

Егер мектеп мұғалімнен БЖБ, ТЖБ немесе басқа тапсырмаларды қағазға шығарып беруді талап етсе, оған қажетті қағаз, принтер мен бояу секілді материалдық ресурстарды кім қамтамасыз етуі керек деген сұрақ туындайды. Мұндай шығынның мұғалімнің жеке қалтасына жүктелуі қалыпты тәжірибеге айналмауға тиіс.

Дәптер көбейсе, білім сапасы арта ма?

Бұл даудың түпкі мәселесі дәптердің екеу немесе төртеу болуында ғана емес.

Басты сұрақ – мұндай талап оқушының білімін шынымен жақсарта ма және мұғалімнің уақытын қаншалықты тиімді пайдаланады?

Мәселен, бір мұғалім бес сыныпқа сабақ беріп, әр сыныпта 25 оқушыдан болса, оның алдында 125 бала отырады. Бір оқушыдан бірнеше дәптер тексерілетін жағдайда ұстаздың мойнына жүздеген дәптермен жұмыс істеу міндеті түседі. Оның үстіне сабақ жоспары, бағалау, БЖБ-ТЖБ, электронды журнал және басқа міндеттер бар.

Сондықтан әлеуметтік желідегі пікірталас бір қарағанда «дәптер дауы» болып көрінгенімен, оның астарында әлдеқайда маңызды мәселе жатыр: мұғалімнің уақыты қағаз бен дәптер тексеруге жұмсала ма, әлде баламен жеке жұмыс істеуге бағыттала ма?

Ұстаздардың қойған «тағы не істей аламыз?» деген сұрағы да осыдан туындап отыр.

Егер жаңа талаптар мұғалімнің жұмысын оңтайландыру үшін енгізілсе, оның нақты қандай жүктемені азайтатыны түсіндірілуі керек. Ал егер бір талап алынып, оның орнына бірнеше жаңа міндет қосылса, онда «мұғалімнің жүктемесі азайды» деген тұжырым іс жүзіндегі жағдаймен қабыспай қалуы мүмкін.

Барлық жаңалықтар