«Тас түскен жеріне ауыр». Әлеуметтік желіде баласынан, жарынан айырылған аналардың жанайқайы осы сөздің қаншалық ауыр екенін қайта аңғартты. Бірі жалғыз ұлынан айырылғаннан кейін төрт ай өтпей жатып туыстарының тойға кеткенін айтса, енді бірі қызының қазасынан бір апта өткенде жақындарының құдалықта ән салып, би билегенін жазған. Тағы бір ана жеті баласымен қара жамылып отырғанда, екі жақтың да туыстары тойын тоқтатпағанын айтады. Бұл – бір отбасының өкпесі ғана емес. «Қайғыға ортақтасу» деген қазақы ұғымның өзі өзгеріп бара жатқан жоқ па деген ауыр сұрақ, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бір жазба көпшіліктің жанды жерін қозғады.
Баласынан айырылған ана айналасындағы адамдарға:
«Сендердің де балаларың қайтыс болса, ал мен ештеңе болмағандай ұлымды үйлендіріп, келін алып, той тойлап, күліп-ойнап, би билеп жүрсем, қандай күйде болар едіңдер?» – деген сауал тастаған.
Жазбаның астына 200-ден астам пікір жазылған. Ең ауыры – мұндай жағдайдың жалғыз емес екені.
Бір әйел күйеуінің 47 жасқа жетпей дүниеден өткенін айтыпты. Жыл өтпей жатып жақын туыстары той жасаған.
«Ал мен жеті баламен қабырғам қайысып отырдым. Бәрі майда, өз қайғым өзімде болды. Неге деген сұрақ келеді. Басыңа түспей ешкім түсінбейді екен», – дейді ол.
Тағы бір ананың әңгімесі одан да ауыр:
«Қызым қайтыс болған соң бір апта ғана өткенде туғандарым құдалыққа барып, би билеп, ән салып жүрген. Ал жылдығын жасайын деп жатқанда інім қызын ұзатып жатты. "Қазаны бөлектің қайғысы бөлек" деген осы екен».
Ал жалғыз ұлынан айырылған ана күйеуінің төрт айдан кейін тойға барғысы келгенін айтып, сол үшін араларында жанжал болғанын жазады.
Басқа бір ана уақыт өте келе бір шындықты түсінгенін айтады:
«Тас түскен жеріне ауыр. Біреудің қайғысын біреу көтеруге міндетті емес екен. Өз қайғымызды өзіміз көтереміз».
Бұл сөзде өмір шындығы бар. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар.
Қазақ неге «жылын берді» деген?
Қазақ қоғамында қаза тек бір адамның немесе бір шаңырақтың жеке мәселесі болып саналмаған.
Этнографиялық деректерде кісісі қайтқан үйге бүкіл қауымның жиналып, жерлеу шығынын көтерісіп, малын, ақшасын беріп, келген адамдарды бірге күткені айтылады. Яғни қайғыны бөлісу – туыстық байланыстың нақты міндеттерінің бірі болған.
Марқұмның үші, жетісі, қырқы, жылы тәрізді ғұрыптардың қалыптасуы да осы аза тұту мәдениетімен байланысты. ҚМДБ материалдарында қазақ дәстүрінде үшкүндік, жетілік, қырқын, жүзін және жылын беру сияқты құдайы астар болғаны көрсетілген.
Тіпті дәстүрлі ортада марқұмға арналған «қаралы ат» бір жыл бойы мінілмей, жылдық ас кезінде сойылғаны туралы этнографиялық мәлімет бар. Бұл бір жылдық мерзімнің қазақтың аза тұту мәдениетінде айрықша орын алғанын көрсетеді.
Сондықтан бұрын «жылы өтпеген үй» деген сөздің салмағы бөлек еді.
Жақын туыстың үйінде қаралы жағдай болса, ағайын тойдың уақытын өзгертуге, дүркіретпеуге немесе қаралы туысының көңілін ескеруге тырысатын.
Бұл жерде маңызды бір айырманы айту қажет: «марқұмның жылы өтпей ешкім той жасамауға тиіс» деген әмбебап діни тыйым жоқ.
Демек, мәселе «той жасаса – күнә» деген қарабайыр үкімде емес.
Мәселе – адамдық әдепте.
Біреудің өмірі тоқтағанда, бүкіл әулеттің өмірі тоқтауы керек пе?
Жоқ.
Баласынан айырылған ана үшін уақыт тоқтап қалғанымен, дүниенің тіршілігі жалғаса береді. Бір үйде жаназа болып жатқанда, екінші үйде сәби дүниеге келеді. Бір әулет қайғырып отырғанда, екінші шаңырақта үйленетін жас болуы мүмкін.
Бүкіл туыс бір жыл бойы күлуге, қуануға, үйленуге немесе өмір сүруге тиіс емес деу де әділетті болмайды.
Бірақ өмірді жалғастыру мен қаралы адамның жарасын елемеудің арасында үлкен айырмашылық бар.
Қызының топырағы кеппей жатып оның анасының көз алдында дүркіретіп той жасау, бір аптадан соң ән салып, би билеген видеоны әлеуметтік желіге салу немесе «біздің тойымыздың оған не қатысы бар?» деп қарау – мәселенің басқа қыры.
Өйткені қазақтың «қайғыға ортақтасу» ұғымы өлген адамға емес, тірі қалған адамға жасалатын құрмет еді.
«Тас түскен жеріне ауыр» – жұбату ма, әлде жауапкершіліктен қашу ма?
Бұл мақалдың ақиқаты бар. Ананың баласын жоғалтқан қайғысын ешкім дәл солай сезіне алмайды. Жесір қалған әйелдің түндегі жалғыздығын тойда жүрген туысы сезінбеуі мүмкін.
Бірақ осы сөзді: «Қайғы сенікі, өмір біздікі» деген мағынаға айналдырып алсақ, онда мәселе бар.
Өйткені «тас түскен жеріне ауыр» дегеніміз – тастың астында қалған адамды жалғыз қалдыру керек деген сөз емес.
Керісінше, қазақ қоғамының күші сол тасты көтерісуге тырысқанында еді.
Сонда адамдардың мейірімі азайды ма?
Мұны бірден «адамдар қатыгез болып кетті» деп түсіндіру тым оңай.
Қазіргі қоғамда отбасы мен әулеттің құрылымы өзгерді. Бұрынғыдай бір ауылда, бір ортада өмір сүретін үлкен туыстық қауым сиреді. Жеке адамның еркіндігі, жеке отбасының жоспары алдыңғы орынға шықты. Той бірнеше ай бұрын жоспарланып, мейрамханаға ақша төленіп, қонақ шақырылып қояды.
Мұның бәрі – объективті себептер.
Бірақ ешқандай мейрамхана ақысы адамның көңілінен қымбат болмауы керек.
Тойды мүлде тоқтату мүмкін болмаса – қаралы туыспен сөйлесу бар. Кешірім сұрап, жағдайды түсіндіру бар. Дүркіретпеу бар. Әлеуметтік желіге әдейі көрсетпеу бар. Қара жамылған адамды тойға шақырып, «келмесең өкпелейміз» деп қыспаққа алмау бар. Осындай кішкентай әрекеттердің өзі – мәдениет.
Біз ғұрыптан бұрын сезімді жоғалтып алған жоқпыз ба?
Бәлкім, бүгінгі даудың ең маңызды тұсы да осы. «Жылы өтпей той жасауға бола ма?» деген сұрақтың жауабын тек салттан немесе діннен іздесек, мәселенің жартысын ғана көреміз.
Негізгі сұрақ басқаша болуы мүмкін: Жақынымыздың баласы кеше ғана жерленгенде, біз бүгін қалайша ештеңе болмағандай билей аламыз?
Ал егер той жасауға мәжбүр болсақ, оның жарасын ауыртпау үшін не істедік?
Қазақтың қаралы ғұрыптарының құндылығы адамның қанша күн қара киім кигенінде емес еді. Оның мәні – «сен жалғыз емессің, сенің қайғың – біздің де қайғымыз» деген үнсіз келісімде болатын.
Өйткені дәстүр өзгеруі мүмкін. Ғұрып жеңілдеуі мүмкін. Тіпті кей рәсім уақыт өте жоғалуы мүмкін.
Бірақ өз баласын жер қойнына тапсырған ананың жанында үнсіз отырып, оның қайғысын сыйлау үшін ешқандай ереже де, пәтуа да, заң да қажет емес. Оған адамдықтың өзі жеткілікті. Солай емес пе, қалай ойлайсыз?
Дайындаған Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.