"Баланың тағдырын топас мұғалім талқандайды": Кей мұғалімнің кесірінен қоғамда қылмыс көбеюде?

"Баланың тағдырын топас мұғалім талқандайды": Кей мұғалімнің кесірінен қоғамда қылмыс көбеюде?

Мектеп балаға білім беретін ғана емес, өзін қауіпсіз сезінетін орта болуы керек. Алайда әлеуметтік желідегі ата-аналар мен бұрынғы оқушылардың әңгімелері кейде баланың алғашқы қорлығын қатарласынан емес, мұғалімнен көретінін аңғартады. Кемсіту, келемеждеу, көптің алдында масқаралау – ересек адам үшін өткінші оқиға болуы мүмкін. Ал бала оны жылдар бойы арқалап жүруі ықтимал, деп жазады Democrat.kz.

Желі қолданушыларының бірі үшінші сыныпта оқитын баласының басынан өткен жағдайды баяндаған. Оның сөзінше, бала сабақ үстінде бірнеше рет әжетханаға сұранғанымен, мұғалім жібермеген.

Ақырында шыдай алмаған бала киімін бүлдіріп алған.

Ең ауыры – осы сәттен кейін басталған. Анасының жазуынша, мұғалім баланы жұбатып, оңаша шығарып, жағдайын реттеуге көмектесудің орнына, сыныптастарының көзінше оған ұрысқан.

Содан кейін балалар оны мазақтай бастаған.

Анасы баласының сабақ үлгерімі күрт төмендеп, мектепке барғысы келмей жылайтын жағдайға жеткенін айтады. Ақыры басқа мектепке ауыстырған. Жаңа ортада баланың жағдайы түзелген.

Бұл жазбаға пікір қалдырғандар өздерінің де бала күнінде мұғалімнен көрген қорлығын ұмытпағанын айтып жатыр.

Бір әйел бастауыш сыныпта мұғалім дәретханаға жібермегенін, соның салдарынан сыныпта өте ыңғайсыз жағдайға қалғанын еске алады.

«Қазір өзім де анамын, бірақ ішімдегі реніш әлі күнге қалып қойған», – дейді ол.

Тағы бір желі қолданушысы сынып жетекшісі өзін қорғамағанын, керісінше, балалармен қосылып келемеждегенін жазған. Үйіне келген сайын «мені ауыстырыңыздаршы» деп жылайтын көрінеді.

Басқа пікірлерде мұғалімнің баланың дұрыс шығарған есебін «біреу шығарып берген» деп бағасын төмендеткені, үздіксіз қатесін іздеу арқылы оқуға деген ынтасын өшіргені айтылады.

Бұл жерде мәселе бір мұғалім немесе бір мектеп туралы ғана емес.

Баланың жанын жаралау үшін міндетті түрде оны ұрудың қажеті жоқ

«Сенен түк шықпайды», «өтірік айтпа», «мынаны да білмейсің бе?», «жылауықсың», «ақымақсың» деген сарындағы сөздер немесе бүкіл сыныптың алдында келемеждеу де баланың өзін бағалауына ауыр соққы болуы мүмкін.

Өйткені бастауыш сыныптағы бала үшін мұғалім – жай қызметкер емес, беделді ересек адам. Мұғалімнің бағасы арқылы ол бірте-бірте өзі туралы түсінік қалыптастырады.

Сондықтан ұстаздың «сен қабілетсізсің» деген бір ауыз сөзі кей баланың санасында «мен шынымен қабілетсізбін» деген сенімге айналуы мүмкін.

Ал мұның салдары бір тоқсанмен аяқталмайды.

Бала сабақтан қорқа бастайды. Қате жіберуден қорқады. Қол көтермейді. Өз ойын айтпайды. Мектепке барғысы келмейді. Кей жағдайда жақсы оқып жүрген оқушының үлгерімі де төмендейді.

Ең қауіптісі – бала уақыт өте келе қорлықты қалыпты қарым-қатынас деп қабылдауы мүмкін.

Әлеуметтік желідегі пікірлердің арасында 30 жасқа келсе де мектептегі келемеждің салдарын ұмытпаған сыныптасы туралы әңгіме де бар. Бұл – балалық шақтағы қорлықтың «ертең ұмытып кететін нәрсе» бола бермейтінін көрсететін ауыр мысал.

Әрине, мұғалімдердің бәрін бірдей айыптау әділетсіз. Сыныпта ондаған бала отырады, ұстаздың жүктемесі ауыр, тәртіп сақтау да оңай емес. Оның үстіне желідегі әрбір оқиғаның барлық мән-жайын сырттай анықтау мүмкін емес.

Бірақ бір нәрсе өзгермеуге тиіс: ересек адамның шаршауы мен ашуы баланы қорлауға құқық бермейді.

Мұғалім баланың қателігін түзете алады. Тәртіп талап ете алады. Бағасын төмен қоя алады. Ата-анасымен сөйлесе алады.

Бірақ оның ар-намысын таптап, сынып алдында күлкіге айналдыру – тәрбие әдісі емес.

Кейде біз мектептегі буллинг туралы айтқанда тек «бала баланы қорлады» деген көріністі елестетеміз. Ал ең қауіпті сұрақтың бірі тасада қалып қояды:

Егер баланы қорлауды беделі мен билігі бар ересек адам бастаса ше?

Ондай жағдайда сыныптағы балалар да кімге күлуге, кімді әлсіз санауға болатынын сол ересектен үйренуі мүмкін.

Мұғалімнің бір ауыз жылы сөзі баланың өмірін өзгерте алады.

Өкінішке қарай, бір ауыз қатыгез сөзі де өзгерте алады.

Айырмасы – алғашқысы баланың қанатын қатайтады, екіншісі сол қанатты бала ұшып үлгермей жатып қайыруы мүмкін.

Мұғалімнің өзінің санасы таяз, білімі төмен, тәрбиесі әу бастан дұрыс болмаса, ондай адам алдында отырған баланың да тағдырын талқандайды, психикасын да бұзады. Мектептен осылай "бұзылып" шыққан бала ертең үлкен қоғамда жамандықтан басқа не жасай алсын? Бала ата-анасынан бұрын мұғалімін тыңдап бағынатынын ескерсек, ел ертеңі мұғалімнің қолында екенімен келісесіз бе? 

Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Барлық жаңалықтар