Ақын, қоғам белсендісі Мұхамеджан Тазабек көкпар додасынан кейін ой бөлісіп, қырғыз спортшыларының жеңісін ағайын елдің ортақ қуанышы ретінде қабылдауға шақырды. Ол спорттағы жеңіс пен жеңілістің заңдылығын айта келе, қазақ-қырғыздың тарихи, рухани жақындығына ерекше тоқталды, деп жазады Democrat.kz.
Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желідегі жазбасында спортта жеңістің ешкімге мәңгілікке тиесілі болмайтынын атап өтті.
Ол футбол әлемінен мысал келтіріп, бір күні «Реал» жанкүйерлері қуанса, келесі жолы «Барселона» жеңуі мүмкін екенін, тіпті Месси мен Роналду секілді әлем мойындаған спортшылардың да жеңілістің ащы дәмін тататынын айтты.
«Өйткені спорттың заңы сол: жеңіс ешкімнің мәңгілік меншігі емес», – деп жазды ол.
Тазабек Абайдың «Бір ауылда бір жаманы болса, бар ауыл жаман ба екен?» деген ойын да осы тұрғыдан еске алып, мықтылық пен жүйріктік бір ғана елге немесе бір ғана ауылға тиесілі болмайтынын жеткізді.
Бұл жолы көкпарда қырғыз спортшыларының мерейі үстем болғанын айтқан ол қазақ жігіттерінің де намысына, дайындығына, жеңіске деген жігеріне күмән келтіруге болмайтынын жазды.
«Жеңілген жеріміз болса – сабақ. Жетпей қалған тұсымыз болса – келесі жеңіске азық», – деді Мұхамеджан Тазабек.
Оның сөзінше, Қырғызстан жерінде өткен додада алаң иелеріне туған жердің рухы мен көрерменнің қолдауы да ерекше күш берген.
Сонымен қатар ол жарыстың мәні тек есеп пен жүлдеде емес екенін айтып, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде өткізу үшін қырғыз халқының жұмыла еңбек еткеніне назар аударды.
Тазабектің айтуынша, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтан бастап қарапайым таксистке дейін елге келген қонақтың жақсы әсер алып қайтуына мүдделі болғаны байқалады.
Ол қырғыз халқының қонақжайлығы мен ұйымшылдығын ерекше атап өтіп, бұрын айтыста айтқан мына жолдарын еске алды:
«Көршіңіз байып жатса қуаныңыз,
Қуанғаннан намысың құламайды.
Себебі, сізге бөліп бермесе де,
Қол жайып ештеңеңді сұрамайды…»
Мұхамеджан Тазабек қазақ пен қырғызды жай ғана көрші емес, діні мен ділі жақын, тарихы мен тағдыры тоғысқан халықтар деп сипаттады.
«Сондықтан көрші ауылдың түтіні түзу шығып, тірлігі түзеліп, мерейі өсіп жатса – оған ең бірінші қазақ қуану керек. Жақсы көршінің жетістігі өзіңді де қамшылайды», – деді ол.
Жазбасының соңында ақын жарыста бірде қазақ, бірде қырғыз жеңуі мүмкін екенін айтып, ең бастысы – ағайындықтың, намыстың және көшпенді рухтың сақталуы екенін жеткізді.
«Бұл жолы да спорт жеңді.
Ағайындық жеңді.
Көшпенді жұрттың рухы жеңді.Қырғыздар мықты!
Қазақтар мығым!Алда әлі талай бәйге бар», – деп түйіндеді Мұхамеджан Тазабек.
Мұхамеджан Тазабектің бұл жазбасына разы болып жатқандармен қатар "бұлай дегенің дұрыс болмады" деп реніш білдіріп жатқандар да бар.