Баланы бауырға салу: Дұрыс па, бұрыс па?

Баланы бауырға салу: Дұрыс па, бұрыс па?

Баланы бауырға басу дұрыс па? Әке-шешесін атымен атайтын досым бар. Тіпті аға-жеңге деп сөйлейді. Содан бір күні сұрадым.

Неге сен ата-анаңа суықсың? Шындықты айтпасаң сенімен араласпаймын. Ата-анасын сыйламайтын достың құны көк тиын деп сұрақты төте қойдым. 5 айында кемпір-шал бауырына басыпты. 12 жасқа толғанда кемпір-шал қайтыс болыпты. Ал мынау не істерін білмей "далада" қалған. Бір күні әке-шешесі біз сенің нағыз ата-анаңбыз деп құшақтаған. "Неге екенін білмеймін екеуіне одан сайын ызаландым. Даже көзімнен жас шықпайды"- деді. Сол күні көрші ауылда тұратын әкесінің ағасының үйіне қашып кетіпті. Мектепті сол жақтан бітірген. Оқу бітіріп, жұмыс істеп үйленеді. Тойға құдалыққа әкесі өзі барғысы келген. Бірақ бұл көнбеген. Ағасы барған. Туған әке-шешесі өз ұлдарының тойында қатардағы қонақ ретінде отырған. Бұл жігіттің әкесі өмірі арақ ішпеген кісі екен. Өзегін өкініш қысып қартайғанда ішіп кетіпті. Ал анасы ауруға ұшыраған. -Мен оларды кешірейін десем кешіре алмаймын. Бірақ уақыт өткен сайын менің ішіме өкініш толып жатыр. Әке-шешем (ата-әжесін айтып тұр) шексіз еркелетті. Олар мені бәрінен қызғанатын. Мүмкін сол кездегі эйфорияда қалып қойдым. Әйтеуір түсініксіз жағдай деп ағынан жарылды. Алдыңғы күні таксиге кемпір-шал отырды. Олардың жағдайы керісінше. Немерелерін жазғы демалыста алып кеткісі келген. Бірақ келіні баланы бермепті. Сөйтсе ол келінді әке-шешесі кішкентай кезінде кемпір-шалдың бауырына берген. -Не анда жоқ, не мында жоқ өмір сүрдім. Балаларыма мұндай өмір тілегім келмейді. Ренжімеңіздер баламды ешкімнің қолына бере алмаймын деп шығарып салыпты. Қазақтың ұғымында "кемпір-шалдың баласы" деген түсінік бар. Соның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Бірақ, осы үрдіс қазір бар ма? Жалпы бұл дұрыс па? Ербол МӘНДІБЕК, журналист. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар