Танымал ұстаз, тәжірибелі педагог Сұлтан Сүлеев әлеуметтік желідегі парақшасында білім саласындағы кезекті өзгерістерге қатысты өткір пікір білдірді. Ол бастауыш сыныптарда бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалауды алып тастау туралы ұсыныстан бастап, мұғалімдерді аттестаттау, оқу жоспарлары, оқулық тапшылығы және педагогтердің жалақысына дейінгі бірқатар мәселені көтерді деп жазады Democrat.kz.
Ұстаздың жазуынша, телеарналардың бірінде бастауыш сыныптардан БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау жөніндегі ұсыныс айтылған. Ұлттық білім академиясының өкілі жиынтық бағалаулардың тиімділігі төмен екенін мәлімдеген көрінеді.
Сұлтан Сүлеев бұл пікірдің өзінен жаңа сұрақ туындайтынын айтады.
«Егер БЖБ мен ТЖБ-ның пайдасы жоқ болса, жоғары сыныптар неге сол жүйемен жұмысын жалғастыра береді? Жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдері пайдасыз іспен айналысып жүр ме? Логика қайда, министр ханым?» — деп жазды педагог.
Оның пікірінше, білім саласында бір жүйенің тиімділігіне күмән келтірілсе, мәселе тек бастауыш сыныптар деңгейінде емес, тұтас бағалау моделіне қатысты қарастырылуға тиіс.
«Сайлау сайын білім туралы айтылады, бірақ орындалатыны аз»
Педагог жазбасында саяси партиялар арасындағы білім саласына арналған дебатқа да тоқталған. Оның айтуынша, сайлау қарсаңында білім мен денсаулық сақтау мәселесі үнемі негізгі тақырыпқа айналады. Алайда сайлаудан кейін ұсыныстардың басым бөлігі назардан тыс қалып жатады.
Сұлтан Сүлеев білім жүйесіндегі реформалардың саяси бағдарламаларға емес, министрдің жеке ұстанымына тәуелді болып қалғанын сынады.
«Жаңа министр келсе, партиялардың ұсынысына қарамайды. Өзінің ұстанымын енгізеді. Бұл — факт. Мұны 35 жыл педагог болған адам ретінде айтып отырмын», — дейді ол.
Бұл пікір білім саласындағы ең үлкен проблемалардың бірін аңғартады: министр ауысқан сайын бұрынғы бастамалар тоқтап, жаңа реформалар енгізіледі. Соның салдарынан мектептер мен мұғалімдер тұрақты жүйемен емес, үздіксіз өзгеретін ережелермен жұмыс істеуге мәжбүр.
Үлгілік оқу жоспары қашан тұрақты құжатқа айналады?
Сұлтан Сүлеевке мұғалімдерден келіп түскен сауалдардың бірі — мектептер қолданып жүрген жүзден астам үлгілік оқу жоспарына қатысты.
Педагогтің пікірінше, «үлгілік» деген мәртебе жыл сайын қайталана бермеуге тиіс.
«Үлгілік оқу жоспарын бір жыл ғана пайдалану керек. Содан кейін ол тұрақты жоспарға айналуға тиіс. Біз унитарлы мемлекетпіз, білім беру талаптары да баршаға түсінікті әрі бірізді болуы керек», — деп жазды ол.
Оқу жоспарының тұрақсыздығы әсіресе бір сыныптан екінші сыныпқа көшкен кезде қиындық туғызады. Мәселен, 10-сыныпта қысқартылған жоспармен білім алған оқушылардың 11-сыныпта қандай бағдарлама бойынша оқитыны мұғалімдерге әлі де түсініксіз.
Сондай-ақ ұстаз «Жаһандық құзыреттіліктер» курсын алып тастау туралы әңгіменің немен аяқталғанын сұрайды. Оның айтуынша, бұл пән кезінде басқа сабақтардың есебінен енгізілген. Енді оны алып тастау немесе қалдыру мәселесі де ашық әрі нақты түсіндірілуге тиіс.
Аттестаттау ережесі тағы өзгереді
Педагогтерден келген ең өзекті шағымдардың бірі — аттестаттау жүйесіндегі тұрақсыздық.
Жазбада шілдеден бері қолданыстағы тәртіп бойынша шамамен 100 мың педагог тіркеліп, олардың бір бөлігі тест тапсырып, авторлық бағдарламаларын дайындап, ғылыми жұмыстарын мақұлдатып үлгергені айтылады. Алайда 1 қыркүйектен бастап жаңа ереже күшіне еніп, бұрынғы талаптардың кейбірі алынып тасталуы мүмкін.
Сұлтан Сүлеев аттестаттау жүйесін әр өзгерістен кейін қайта құрыла беретін құмырашының станогына теңеген.
«Әркім өз қолымен құмыра жасап, кейін оны қайтадан балшыққа айналдырып жібереді. Аттестаттау ережесінің жағдайы да тура сондай», — дейді ұстаз.
Ол педагогтерді тестілеуді мүлде алып тастауға қарсы. Оның пікірінше, тест мұғалімнің пәндік білімін бағалайтын құрал ретінде сақталуы керек.
«Тестілеу жемқорлыққа алып келеді деп, оны алып тастай салу — оңай шешім. Жемқорлықпен күресудің орнына бағалау құралын жою дұрыс емес. Тестілеу мұғалім білімінің көрсеткіші болуы тиіс», — деп есептейді педагог.
Ал тек портфолиоға сүйену мұғалімнің нақты кәсіби деңгейін толық көрсете алмайды. Өйткені қағаз жүзіндегі жетістік пен сыныптағы шынайы біліктілік әрдайым сәйкес келе бермейді.
Осы және басқа да проблемаларды сөз еткен Сұлтан Сүлеев Оқу ағарту министрлігіне сұрау салды. Әзірге білікті ұстаздың сауалына министрлік тарапынан ресми жауап берілмеді.