Қазақстандық Arasha.kz ақпараттық порталы бірнеше күннен бері ірі DDoS-шабуылға ұшырап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды DEMOCRAT сайты Arasha ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Редакция мұны сайттың танымалдығының артуымен және шенеуніктер мен қаржы институттары туралы жарияланған зерттеу материалдарымен байланыстырады.
Сайт ұсынған техникалық есептерге сәйкес, шабуыл бірнеше елден ұйымдастырылған және оның қуаты сервер мамандарын да алаңдатқан.
Сайт өкілдерінің айтуынша, порталға бір сәтте 26 GB, ал келесі күні 87 GB көлемінде жалған сұраныс жіберілген. Бұл бірнеше жүз мың бот-қолданушының әрекетімен тең.
Редакция бұған дейін аймақ әкімдері, олардың орынбасарлары және квазимемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік тапсырыс мәселелері туралы зерттеу мақалаларын жариялағанын еске салды. Сонымен қатар, соңғы кездері банктер мен басқа да мүдделі тараптар туралы жарияланымдардан кейін редакцияға мақаланы алып тастау туралы ұсыныстар түскен, бірақ сайт өз саясатынан бас тартпаған.
Қазіргі уақытта техникалық мамандар тобы сайтты қорғау бойынша жұмыс істеп жатыр.