Бас мүфтидің басты мақсаты - елімізді Ауғанстанға айналдыру ма?

Бас мүфтидің басты мақсаты - елімізді Ауғанстанға айналдыру ма?
 
Қазіргі Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің саяси қадамдарын саралаған журналист Ораз Әлімбеков тағы бір сұмдық жайттың бетін ашты деп жазады Democrat.kz.
 
"Мүфтият балаларды жаппай дінге жығып жатыр
ҚМДБ медреселері мен «Нұр-Мүбарак» университеті Қазақстанның зайырлы білімге ғана бөлінуі тиіс бюджет қаржысынан миллардтап ақша алып отырғанын жаздық.
 
Зайырлы қоғам болашағын ойлаған белсенділер Оқу-ағарту және Ғылым министрлігін сотқа да берді, бірақ мүфтияттың үкіметке ықпалы зор ма, әлде министрлердің миын діни сана тұтып қалған ба, білмейміз, бұл заңсыздықты тоқтату әзірге мүмкін болмай тұр.
 
Ал ҚМДБ-ға Өзбекстанның тумасы Наурызбай Өтпенов билік жүргізгелі қазақ қоғамын исламизациялауды одан бетер күшейтуде. Оқушылардың жазғы демалысын мешітте өткізетін «Имани жаз» деген діни уағызды ойлап тапқанына біраз болды.
 
Мүфтият нұсқаулығы бойынша, 10-15 жас аралығындағы балалар «Имани жазға» қатысады екен, бірақ мешіттерде түсірілген фото-фактілер 10 жастан да кіші балалардың, тіпті бөпелердің мешітте діни уағыз тыңдап отырғанын нақтылады.
 
Мүфтият мәліметі бойынша, жыл сайын 30 мыңнан астам бала «Имани жаздың» уағызын тыңдайды, ал биыл, яғни 2025 жылы 36620 (ұл бала -22470, қыз бала- 14150) бала жазғы демалысын «Имани жазда» өткізіпті. Балаларға ҚМДБ-ның 2151 ұстазы (1386 еркек ұстаз, 765 әйел ұстаз) исламды ғана дәріптейтін «Имандылық әліппесі» атты екі кітап бойынша дәріс беріпті.
 
«Имани жаздың» діни уағыз бағдарламасын министр Аида Балаева басқаратын министрліктің құрамындағы Дін істері комитеті бекітіп беріпті.
 
Қазақстан заңдары бойынша балалардың (балабақша, мектеп, колледж) біліміне жауапты Оқу-ағарту министрлігі емес пе еді?!
 
Әлде, министр Ғани Бейсембаев буыны қатпаған балалардың 3 айлық тағдырын молдалардың қолына ұстатқан ба?!. Әлде, министр Балаеваның министлігі мүфтиятпен бірігіп, Бектеновтің үкіметінен басқа өз алдына балама үкімет құрып алған ба?!.
 
Осы бар ғой, біздің үкімет, біздің министрлер зайырлы мемлекетке діндарлар тарапынан төнетін қауіп-қатерді түсінбейді екен.
 
Президент Қ.Тоқаев әрбір мәлімдемесінде діни радикализм мен экстремизмнің қаупін ескертіп, Қазақстанның басты құндылығы – зайырлы мемлекет пен ұлт бірлігін қорғау екенін айтудай-ақ айтып келеді. Соны неге министрлер түсінбейді, құлағына ілмейді?..
 
Кез келген діни ұйым түбінде саяси билікті басып алуды мақсат тұтатыны анық. Ислами ағымдар тарихында мұндай оқиға көп.
 
Саяси билікті басып алудың тактикасы да белгілі: сұхбат (адамдарды діни ұйымға тарту), жамағат (діни миссияны жамылып саяси мүддеге бағындырылған қауым жасақтау), шухрат (қоғамның басым бөлігіне ықпал ету деңгейіне көтерілу), опат (билікті басып алу, келіспейтіндерге репрессия жасау).
 
Бұл тактиканы соңғы процесін соры қайнаған Ауғанстан елі басынан өткеріп жатыр. Ондағы билікті басып алған «Талибан» ұйымының ұстанатын ақидасы (Матруди) мен мазһабы (Әбу Ханифа) ҚМДБ-мен бірдей.
 
Дегенмен, ҚМДБ дәл қазір атам заманнан бері талай рет сәтті қолданылған тактиканың қай деңгейіне жеткенін білмейміз... «Құдай да сақтанғанды ғана сақтайды» деді ғой атам қазақ" деп жазды Ораз ӘЛІМБЕКОВ.
Барлық жаңалықтар