Бас мүфтидің мұнысы Президент саясатына жасалған саботаж емес пе?

Бас мүфтидің мұнысы Президент саясатына жасалған саботаж емес пе?
 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды жаңа жылмен 6 ай бұрын құттықтап еді ғой. Кеше «Мұхаррам айы басталды. Бұл жаңа жылдың басталуын білдіреді. Осыған орай, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды жыл басымен құттықтады» деп бүткіл БАҚ сүйіншілеп жатыр. Бұл не өзі?!. Президентке Бас мүфтидің тақасуы ма?.. Әлде Наурызбай Өтпенов өзін Елбасы сезініп жүр ме?
 
Біріншіден, Тоқаев халықтың тікелей сайлауымен Президент болды. Қазақстан халқының атынан да, Қазақстан халқына да арнап сөз сөйлеуге, мерекемен құттықтауға Тоқаевтың ғана өкілеттігі бар.
 
Мұндай өкілет басқа лауызымды тұлғаға тән емес. Ал Н.Өтпенов ат төбеліндей аз ғана молданың басшысы – бас мүфтиі ғой. Оның «бүйректен сирақ шығарып», Жаңа жыл бастауының 1 қаңтарда екенін мойындамай, жаңа жыл Мұхаррам айында басталады» деп қазақстандықтарды құттықтауы зайырлы Қазақстанның президенті Тоқаевтың саясатына жасалған құйтырқы саботаж емес пе?!. Мүфтидің бұлайша басынуына Ақорда қалайша жол беріп отыр?!.
 
Бас мүфти Н.Өтпеновтің дін мен саясат бөлек екенін ескермей президент Тоқаев басқарып отырған зайырлы мемлекеттің саясатына араласуы, дәлірек айтсақ ҚР заңдарына кереғар әрекет жасауы бірінші рет емес.
 
Ол бұған дейін балиғат жасына (9-10 жас) толған қыз балалардың хиджаб киюі шариғатта міндеттелген деп мәлімдеме жасағанын білеміз. Оның бұл ұстанымы балалар құқығын қорғау туралы, білім туралы және басқа да Қазақстан заңдарына қайшы.
 
ҚМДБ-ға дәл осы Өтпенов басшы болғалы бері мүфтиятқа қарайтын медреселер Оқу-ағарту министрлігі арқылы миллиардтаған бюджет қаржысын алып жүр. Мүфтият молдалары миссионерлік туралы заңды бұзып, мектептерге емін-еркін кіріп алып, кәмелет жасына толмаған баларға у-ағыз айтады.
 
Мешіттерде «Имани жаз» атты лагерь ашып, баларды жаппай дінге жықпақшы. Ал президент Тоқаевтың өкіметі балалар құқығын қорғау үшін талай заң шығарды, ал Өтпенов басқаратын мүфтияттың молдалары сол заңдарды аяқасты етіп жатыр. Бұл мемлекет саясатына саботаж жасау емес пе?!.
 
«Бас мүфти Наурызбай Өтпенов ресми сапармен анау облысқа барды, мынау облысқа барды», «анау әкіммен кесдесті», «мынау министрмен кездесті» деген ақпаратты мүфтият сайттары жиі жариялайды. Бұл Президентке ғана бағынатын атқарушы биліктің шенеуніктерін де Бас мүфтидің әбден иектеп алғанын көрсетеді.
 
Иран ислам республикасында да халық тікелей сайлаған Президент деген лауазым бар, бірақ ол – саяси қуыршақ. Ақиқатын айтсақ, Иранды Аятолла (шиғалық түсінік бойынша Алланың жердегі белгісі деген ұғым) басқарады. Иран үкіметі де, президенті де Аятолланың сөзіне тақ тұрып, алдында құрдай жорғалайды.
 
Аятолла оларды оққа да, боққа айдайды. Мынау беталысымызбен зайырлы Қазақстан Иран секілді елге айналып, мемлекетті Бас мүфти басқаратын кейіпке түсер ме екенбіз?!.
Осыны Ақорда біле ме екен?..
 
Ораз ӘЛІМБЕК, журналист. 
Барлық жаңалықтар