Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков және оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қызметінен босатылды, деп хабарлайды Democrat.kz.
Ішкі істер министрлігі 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты туындаған үлкен резонанстан соң осындай түбегейлі шешім қабылдады.
Қазіргі уақытта Қаратау ауданы полиция басқармасының қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Мәліметтерге қарағанда, тәртіп сақшылары марқұмның жақындарынан түскен арыз-шағымдарға дер кезінде көңіл бөлмей, салғырттық танытқан болуы мүмкін. Министрліктің Өзіндік қауіпсіздік департаменті бұл деректерді жан-жақты тексеріп, полицияның әрекетсіздігіне құқықтық баға беруде.
Ведомство таратқан ақпаратта: «Тергеу қорытындысы бойынша әрбір лауазымды тұлғаның әрекеті заң аясында сараланады. Бұған қоса, қызметтік тексеріс нәтижесінде басқарушылық жауапкершілікті тиісінше атқармаған департамент бастығы мен оның орынбасары қызметінен алынды. Сондай-ақ бірқатар қызметкер ішкі істер органдарынан біржола шығарылды», – деп көрсетілген.
Қазіргі таңда кісі өлтіру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс министрліктің тікелей бақылауына алынған. Қылмыстың бүге-шігесін анықтау үшін тәжірибелі мамандардан құралған арнайы жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.