Саддам Хусейн, Муаммар Каддафи, Ясир Арафат, Башар Асад және Аятолла Хаменеи — ХХІ ғасырда Батыс әлемімен тікелей қақтығысқа түскен немесе оның ықпалына қарсы шыққан тұлғалар.
Алайда олардың тағдыры әртүрлі болды: бірі өмірмен қоштасты, бірі билігін сақтап қалды, ал бірі күрделі өтпелі кезеңде қызмет атқарды.
Саддам Хусейн 2003 жылы АҚШ бастаған коалиция күштері Иракқа басып кіргеннен кейін биліктен тайдырылды. Оған жаппай қырып-жою қаруын жасырды деген желеумен соғыс ашылды. 2006 жылы дарға асылды.
Муаммар Каддафи 2011 жылы Батыс қолдаған Ливиядағы көтеріліс кезінде өлтірілді. NATO-ның араласуы елдегі мемлекеттік институттарды күйретіп, тұрақсыздық кезеңін бастады.
Ясир Арафат, Палестина автономиясының көшбасшысы, 2004 жылы күмәнді жағдайда қайтыс болды. Оның уланған болуы мүмкін деген нұсқалар әлі талқылануда. Палестина әлі күнге дейін толық мемлекет ретінде қалыптаса алған жоқ.
Башар Асад, Сириядағы азаматтық соғыс кезінде билікке қарсы жаппай көтерілістерге тап болды. 2020-жылдардың басына дейін билігін сақтап келгенімен, кейінгі геосаяси және ішкі өзгерістер нәтижесінде биліктен шеттетілді (Ахмед аш-Шараа — Сирияның өтпелі кезеңіндегі президенті ретінде тарихта қалды. Оның қызметі күрделі жағдайда елді тұрақтандыруға, халықаралық қатынастарды қайта қалыптастыруға бағытталды).
Бұл кезеңде Ресей мен Иранның Сирияға берген қолдауы айрықша рөл атқарғанымен, ішкі саяси жүйенің әлсіреуі Асадтың биліктен кетуіне алып келді.
Аятолла Хаменеи, Иранның Жоғарғы рухани көшбасшысы, 1989 жылдан бері елдің негізгі саяси, діни және идеологиялық бағыттарын басқарып келеді.
Ол Батыспен тікелей соғыспаса да, Иранды өз бетімен даму жолына салды және мемлекет ішіндегі жүйелілік пен темірдей тәртіп арқылы билікті сақтап қалды.
Бұл тұлғалардың барлығын бірнеше ортақ белгі біріктіреді:
Батыс әлемімен қайшылық: Барлығы АҚШ пен одақтастары үшін ыңғайсыз әріптестер болды;
Идеологиялық тәуелсіздік: Әрқайсысы өз мемлекетінің идеологиясын Батыс үлгісінен бөлек дамытқысы келді;
Билікті орталықтандыру: Жүйе көбінесе жеке тұлғаның еркі мен шешіміне тәуелді болды;
Ақпараттық шабуыл нысанына айналу: Халықаралық медиада олардың бейнесі негізінен теріс сипатта берілді.
Сабақ қандай?
Бүгінгі күні билікті сақтау – тек күшке емес, жүйеге, әртараптандырылған қолдауға және ақпараттық стратегияға тәуелді. Саддам мен Каддафи тек жеке билікке сүйеніп, институционалдық қорғаныссыз қалды. Асад режимі уақытша ұсталып тұрса да, тарихи диалектика оны алмастырды.
Хаменеидің тағдыры бұлыңғырлау боп тұр.
Билік пен геосаясат – бұл шахмат емес, көпқабатты ойын. Кімнің жеңгенін бір жүріспен емес, ұзақ мерзімде бағалауға болады.
Ал қазірдің өзінде айқын нәрсе – Батыспен қайшылыққа түскен лидердің тағдыры тек өзіне емес, айналасындағы жүйе мен сыртқы серіктестіктерге де тәуелді болады.
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, тарихшы.
Фото көрнекілік үшін.