Өткен аптада әділдік таап етіп, басшылықтан көрген қорлықтары мен қысымдарын айтып үндеу жасаған ақтөбелік ұстаз Әділова Айжанның видеосынан кейін кей мектеп басшылары тіпті сорақы тірлікке бара бастаған сияқты деп жазады Democrat.kz.
Еске салып кетейік, ақтөбелік ұстаз Айжан Әділова туралы Democrat.kz. жазған болатын. Мұғалім мектеп ішінегі заңсыз әрекеттерге қарсы шығып, қысым көріп жүргенін айтып еді.
Айжан Әділованың видеосы қоғамда шу тудырып, мұғалімдер әлеуметтік желіде өздері көріп жүрген әділетсіздіктер туралы белсенді жаза бастаған еді.
Өкінішке қарай, әділетсіздікті күшпен көмгісі келген бе, кей директорлар "әлеуметтік желідегі белсенді ұстаздардың деректерін жинау" деген масқара "үкім берген".
Бұл туралы Threads желісінде: "МҰҒАЛІМ ҚОҒАМНЫҢ ҚҰЛЫ ЕМЕС! Ей, мектеп директорлары, білім бөлімдері сендер оңбайсыңдар.
Өз-өздеріңді құртып, аңдып, арттарыңды шұқылап, құрдымға кеткендерің кеткен. Сендер жөнделмейсіңдер!
Осы кеткендерің кеткен! Білім жүйесі жөнделмесе, түрмелер көбейеді! Бұдан бөлек былықтар(жемқорлық, парақорлық) да жетіп артылады.
Мына мұғалімнің шындықты айтқанынан кейін, қалалық чаттардан анандай хабарландыру келіпті.
Сендер ҚР азаматының жеке әлеуметтік желілерін аңдитын, бақылайтын, қадағалауға алатын ешкім емессіңдер. Мектеп әкімшіліктері тоқтатыңдар білім жүйесіндегі "беспределді"! Қазақстан тәуелсіз, зайырлы, құқықтық мемлекет!"деп ашына жазба жариялады қазақстандық ұстаз.
