Әлеуметтік желіде журналист Нарымбетова Бейсенкүл "газетке күштеп жаздыртады" деушілерге арнап жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Газет кімнің қай атасына жақпай жүр? Интернеттен қандай жақсылық көрдің, газет оқымайтын мұғалім?
Газет оқитындар бар. Сол салада жүрміз. Мынау ескірген әңгіме. Қазір мектеп те, аурухана да мемлекеттік тапсырыспен тендер жариялап, мемлекеттік қазынаның есебінен жаздырып жатыр газетті.
Осы газеттен кім қандай қорлық көрді? Мұғалімдер қандай қорлық көрді?
Осы баламыздың, өзіміздің санамызды ұрлап жатқан интернет туралы неге айтпаймыз? Газетке жылына көп болса, 5-6 мыңға жазылады, ал, интернетке ай сайын 5-6 мың төлеп жүр. Ол сапалы болса, бір сәрі.
Сонда кімді-кім қанап, кімнен кім қорлық көріп жүр?" деп жазды Нарымбетова Бейсенкүл.
Журналистің бұл жазбасына қатысты жұрттың пікірі түрліше болды. Бірі газетке жазылуды күштемеу керегін айтса, енді бірі газеттің түкке қажеті жоғын алға тартуда. Осы жазбаға қатысты бірнеше пікірді назарларыңызға ұсынамыз.
"Бұрын үсті-үстіне тықпалап, өтпей жүрген газеттерін міндеттеп жаздырған соң, өзімізге пайдалы басылымымызға ақшамыз жетпей қалатын болды. Қайдағы 5-6 мың? 2007-2012 жылдар аралығында жалақым 11000-45000 теңге болған кезде маған 6000-12000 арасында басылымға жаздырып, балабақшаға балаларыма төлейтін ақшам болмай қалған кез болған. Сол міндеттеп, озбырлық көрсеткен адамдар көзі тірі. Қазір міндеттеу қалды. Жыл сайын өзіме керек басылымға жазылып, алып тұрамын. Ауылда әлі сол. Мәжбүрлеп жаздыру әлі бар".
"Кафеге бір барғанда 20-30 мың теңге құртатын мұғалімдер неге жылап отыр. Айлықтарың 500 мыңнан қайтады емес пе. Бір мәселе болса осы тілшілер шырылдайтын".
"Айналайын не айтып отырсың ,бюджеттік мекеме қызметкерлеріне осы баспасөзге, газетке жазылу бойынша қысым өте күшті, ал газет деген дүние баяғыдан қалған нәрсе емес пе?"
"Газеттен қандай ақпарат аламыз,ешқандай...өйткені жаңалықтың барлығын интернеттен алып отырмыз...интернетте ең болмаса шындықты көреміз...газетте ше шынайылық жоқ...газет пен журналистердің қаншалықты шындықты айта алмайтынын,еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін біледі ғой..."