Әлеуметтік желіде мұғалімдердің еңбек жағдайына қатысты жарияланған видео қызу пікірталас тудырды деп жазады Democrat.kz.
Видео авторы педагогтердің ресми демалыс кезінде де түрлі ұйымдастыру жұмыстары мен тапсырмалардан қолы босамайтынын айтып, білім саласындағы ахуалға назар аудартты.
«Бейшара мұғалімдерге демалыста да тыныштық жоқ», – дейді видео авторы.
Оның айтуынша, жазғы демалыс кезеңі басталғанымен, көптеген ұстаздар әртүрлі есептер, тексерістер, дайындық жұмыстары мен құжат рәсімдеуге уақыт жұмсауға мәжбүр болуда.
"Мен қазір Алатау ауданының полиция бөлімінде тұрмын. Өзім мұғалім емеспін. Құрбыммен келдім. Құрбым психолог болып істейді. Екі оқушы үйінен қашып кетіп, бір күннен кейін табылады. Енді бүкіл мұғалім сол балалар үшін сабылып жүр. Каникулда. Еңбек демалысында. Неге бала үшін педагогтар қиналуы керек?" дейді видео авторы.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі бұл пікірмен келісіп, мұғалімдердің қағазбастылықтан әлі де толық арыла алмай отырғанын жазып жатыр. Олардың сөзінше, педагогтің негізгі міндеті – бала оқыту болса, артық есеп пен ұйымдастыру жұмыстары маманның уақытын алады.
Ал кейбір пікір иелері қазіргі таңда білім беру жүйесінде өзгерістер жүріп жатқанын, бұрынғыға қарағанда мұғалімдердің жүктемесі азайғанын алға тартқан.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда педагог мәртебесін көтеру және мұғалімдерді өзіне тән емес жұмыстарға тартуды азайту бағытында бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылданған болатын. Соған қарамастан, бұл мәселе қоғамда әлі де жиі көтеріліп келеді.