Танымал журналист Бибігүл Дәулетбекқызы әлеуметтік желідегі парақшасында Мөлдір Әуелбекованы қолдап, жақтап жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
Бір ай бұрын әлеуметтік желіден тайм-аут алғанын айтқан Бибігүл Дәулетбекқызы бүгінгі күні қоғамда талқыланып жатқан, әнші Мөлдір Әуелбековаға дажатқан буллингке үн қосты.
"Енді бүгін жайбарақат отырып елдегі хабарды оқиын деп лентаны ашып қалсам, сұмдық буллингтің көкесі болуда.
Қай платформаны ашпайын ботоферма бастаған боттары бар, блохерлері бар, не керек бәрі әнші Мөлдір Әуелбековамен аяғын жақсылап сүртіп жатыр. Сүртіп қойса мейлі ғой, аяғымен тепкілеп рахаттануда. Тілімен түйреген сайын ләззат алуда. Аяп жатқан адамды көрмедім. “Ұстазым менің, ұстазым” деп қадірлі ұстаз сөзін қор етіп, әншіні келемеждеуде. Таза сорақылық па дедім. Денем тітіркеніп кетті. Осыншама қазағымның жүрегі мұзға айналғаны ма? Осы қысымнан Мөлдір өзіне қол жұмсаса не болмақ? Екі баласын сендер асырайсыңдар ма? Барлығынан да қарт әке-шешесін неге ойламайсыңдар? Олардың құлағына бұл жайт жетпейді дейсіңдер ме? Неден қатыгез болдыңдар? Қорқынышты паразитсіңдер, беттеріңе айтайын! Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып қыт-қыттап кете беретін екіжүзді қоғамда өмір сүрудеміз.
Иә, буллингтің кесірінен әншінің жүрегі тоқтап қалса ше? Әлде қан қысымы көтеріліп кетсе? Қазір өлім жас талғап жатқан жоқ.
Күні кеше ғана бір танысымның інісінің жүрегі соқпай, жан тапсырды. Ішпейді. Шекпейді. Ешқашан ауырмаған. Жұмысынан келіп диванға жатып демалайын деген. Сол күйі оянбапты.
Жасы отызға да толмаған. Дәл осылай Мөлдір де мына психологиялық қысымға шыдамай кетсе не болмақ?
Қазір біреулер айтар, “ой, ол той тойлап, концерт беріп жүр” деп.
2020 жылы да дәл осылай әлеуметтік желіде психологиялық қысымға ұшыраған жазушы Аягүл Мантай да өзіне қол жұмсағанын Фейсбуктағылар ұмытпаған болар? Әлеуметтік желідегі буллингтің құрбаны болған жас жазушы соңғы рет анасына ұзақ қарап тұрып, жақсы көретінін айтқан да, сарайға барып асылып қалды. Ол да ешкіммен ұрыспады. Үнсіз қоштасты мына жалған өмірден. Қатыгез адамдарды нәзік жүрегі қабылдай алмады. Маған да қысым болған еді 2019 жылы. Сол кезім еске түсіп, Аягүлдің өліміне екі күн жылағаным бар.
Ирандық сұлуды өз халқы таспен ұрып өлтірсе, сендер әншіні сөзбен ұрып өлтіруге жақын қалғандарыңды білемісіңдер? Тоқтатыңдар! Ешкімнің біреуді қарғап-сілеуге және буллинг жасауға қақысы жоқ! Біле білсеңдер психологиялық қысым жасағандарға (буллинг) статья бар!
Мені көптен бері мына сұрақ мазалайтын: неге біздің балабақшадан бастап мектепте, жоғары оқу орындары мен әскери оқу орындарында буллинг көп орын алады деп. Енді түсінгендеймін біздің қоғамда біреуді жек көрсе, елден аластатып қана қоймай (изгой етіп жібереді), 18 ғасырдағыдай терісін сыпырып алып отқа тастап, өртенген адамның денесінен рахаттанатын ашкөз бір қауым елдің қалдығы қалған ба дерсің. Тым жиіркенішті сондай пенделер. Сол қансорғыштардың (вампирлар) арасынан өзімнің аудиториямдағы жазылушыларды көргім келмейді. Шын сөзім. Қой емессіңдер ғой айдағанға еріп кете беретін. Биік болыңыздаршы өзгелерден, өтінем?! Қайта сондайларды оқып қалсаңыздар, әлде көрсеңіздер ауыздарын жауып тастаңыздар ендігі “а” деп сөйлемейтіндей. Үлкендер осылай болса, балалардан не тәрбие талап етеміз?
Ал Мөлдірге айтарым: бекем бол! Саған оңай емес екенін бар жан-тәніммен түсінудемін. Жүрегіңді сақта! Сен екі құлыншағың мен ата-анаңа керексің. Жалғызбын деме. Сенің артыңда ну орман халқың тұр. Халықтың ішінде мен де бармын.
Өзің орындаған “Сүгірдің термесі”, мен “Әдемі қыз” әндеріңді тыңдап, денем шымырлап керемет күй кештім. Маған десе сол топтың өттері жарылып кетсін, сен сияқты жанды дауыспен жүрекке жеткізіп ешкім айта алмайды! Құдды осы екі халық әні өзіңе арналғандай. Ешкімді тыңдама! Шырқай бер! Осы дарының үшін сенің талантыңды бағалайтын тыңдармандарың бар. Сенің прайм эраң енді басталды. Әлі-ақ күлгендер бармағын тістеп, жылап қалады. Қазақта «қыздың көз жасы жаман» деп бекер айтпаған. Сенің артыңда сүйеп тұрған еркегің жоқ болғаннан кейін басынғысы келетін шығар бәзбіреулер. Оған жол бермейміз. Үндемегенің - жеңілгенің емес. Мықты бол, Мөлдіржан!"деп жазды.