Әлібек Секеров науқастардың өміріне балта шауып жатқан отандық антибиотик препаратын нарықтан алып тастауды талап етіп отыр, деп жазады Democrat.kz.
«Біз өзіміздің Цеф III -ді тез арада сатудан шығаруымыз керек. Одан көпшілік анафилактикалық шок алып жатыр. Мен де солардың бірімін, үсті-басымды адам көргісіз бөртпе басып кетті. Астана қаласындағы бесінші емхананың фильтр-кабинетіне барғанда мені көрген фельдшер-дәрігер шошып кетті.
Шұғыл әлгі препаратты организмнен шығаруға кірісті. Осылайша біздің Денсаулық сақтау министрі өз халқын улап жатқан жағдайға жеттік.
Бүгінгі таңда дәрігерлер кез келген антибиотик салғанда не үшін қорқады дейсіз, тіпті сынама жасағанның өзінде жағатын-жақпайтынын анықтау қиын боп жатады.
Кейбіреулер салған бетте анафилактикалық шок алып жатады. Өз қолыммен бір адамды ажалдан аман алып қалдым. Байқұс мейірбике мен дәрігер қылмыстық жауакершілікке тартылып кете жаздады.
Осындай жағдайда біреудің жақыны ажал құшар болса, жауапқа тартылатын дәрігер болады. Ал оның кінәсі жоғарыдан бастау алып отыр. Өйткені осы препараттың зерттеуден өтіп, заңдастырылуына жол беріп отырған солар», –деді заңгер ведомство басшыларына шүйліге.