Танымал айтыскер ақын Айбек Қалиевтің қызы да елді қан-қақсатты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірнеше студенті өздерін белгілі айтыскердің қызы Махаббат Қалиева алдап кеткенін жариялады.
Студенттер Махаббат Қалиевамен өздерін табыс табуға тартқанын, бизнес бастау деген сылтаумен миллиондап несие алдыртқандарын айтады.
Елдияр есімді студенттің айтуынша, ол Махаббат Қалиеваның бауырымен сыныптас болған, сол арқылы оның әпкесімен танысқан. Қалиева бастапқыда Қытайдан көлік әкеліп, пайдасымен бөлісеміз деп уәде еткен. Студенттер оған сеніп, бірі ақшасын берсе, енді бірі өз атына несие рәсімдеген.
«Ақынның қызы 500 мың теңге берсең, үстінен 500 мың қосып қайтарамын деп алдаған. Бірақ кейін ол сөзінен тайқып, заң бойынша ештеңе міндетті емес екенін айтып, қашқан», – дейді Елдияр.
Студенттердің айтуынша, жалпы қарыз сомасы 7 миллион теңгеге жуық, ал Махаббат Қалиева бұл ақшаны күйеуіне беріп, ол Қытайға өтіп кеткен көрінеді. Күйеуінің құмар ойынға тәуелді болғаны туралы да сөз қозғалды. Алайда Қалиева бұл айыптарды теріске шығарып отыр.
«Елдиярдан ақша алғаным рас. Бірақ мен несие ал деп мәжбүрлеген жоқпын. Ақшаны өздері өз еркімен жіберді. Төлем жасап келдім. Қазір тек 148 мың теңге қалды», – дейді міз бақпаған Махаббат Қалиева.
Сонымен қатар ол бұл даудың сот арқылы шешілетінін айтып, әкесінің атына кір келтірмеуді сұрады.
«Бұл менің жеке ісім. Әкемнің қатысы жоқ. Олар әкемнің аты арқылы хайп жасағысы келеді», – деді ол.Қазір тараптар өзара құқықтық жолмен мәселені шешуге кіріскен.