Белсенді педагог көмек сұрап, үндеу жасады

Белсенді педагог көмек сұрап, үндеу жасады

Белсенді педагог Айнұр Сабыр билік өкілдерінен көмек сұрап, үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.

Ол өз парақшасында былай айтты:

"Құрметті ҚР Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев! Aqorda 
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов!
ҚР Парламентінің Сенат төрағасы Маулен Ашимбаев!
ҚР Парламентінің Мәжіліс төрағасы Ерлан Кошанов 
Мәжіліс депутаттары Абзал Құспан , Askhat Aimagambetov , Nartai Sarsengaliyev , Бакытжан Базарбек  мырзалар! 
СІЗДЕРДЕН КӨМЕК СҰРАЙМЫН!
Менің аты-жөнім Айнұр Сабыр. Орал қаласының тұрғынымын. Мұғаліммін.
2024 жылы Орал қаласын су басқан кезде аса ірі көлемде зардап шектім. Орал қаласы аумағында орналасқан, ішіне газ, жарық, су тартылған үлкен қысқы үйім суға кетіп, бір ай су астында тұрды.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың "Су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына үй беріледі" деген тапсырмасына орай, Орал қаласы әкімдігі 2024 жылы жарамсыз үйдің орнына үй беріп, шығындарымызды өтеген болатын.
Бір жылдан кейін Батыс қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиұлы Төреғалиев тұрғындарды сотқа беріп, Орал қаласы әкімдігі берген үйді заңсыз деп танылуын сұрап отыр. 
Бізге үй берер кезде құжаттарымыз бірнеше тексеруден өтті. Суға кеткен үйлерімізді мамандар "тұруға жарамсыз" деп, арнайы комиссиялар "үй берілсін" деп шешім шығарған болатын.
Төтенше жағдайдан зардап шеккендерге Президенттің тапсырмасымен еліміздің кәсіпкерлері көмектесті. Маған да қала әкімдігіне суға кетуден зардап шеккен тұрғындарға демеушілікпен "Alageum" заводының алып берген үйлерінен берілді. Үйдің кілтін завод басшылығынан Дәурен мырза ұлымыз екеуімізге өз қолымен табыстаған болатын. 
Енді  зардаптың қара бұлты сейіліп, басымызға түскен ауыр жағдайды енді ұмыта бастағанда облыс әкімі өз тұрғындарына озбырлық көрсетіп, тісін батырып отыр.
Үйіміз судың астында қалып, құжаттарымызды қолымызға ұстап, бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмаған кезде біздің құжаттарымыздың қаралуына Орал қаласы прокуратурасы да араласып, отыз шақты тұрғын бірдей котегорияда үй алдық. Жағдайымыз бірдей. 
Қылышын сүйретіп, қыс келгенде облыс әкімі бізді қайда жібермекші? Жарамсыз үйлеріміз бұзылды. Жері үкіметтің иелігіне өтіп кетті.
Енді біз қайда барамыз? 
Әлде Президенттің тапсырмасын төтенше жағдайдың дау-дамайы басылғанша орындалған ба?
Облыс әкімі өз тұрғындарына жанашырлық танытпаса, бізге кім көмектеседі?"

Барлық жаңалықтар